Түркістан облысында шіркей қаптап, жұртты талап жатыр

Түркістан облысында шіркей қаптап, жұртты талап жатыр

Түркістан облысының Арыс, Шардара, Отырар аудандарында шыбын-шіркей қаптап кетті. Әсіресе, Көксарай су қоймасы мен Сырдарияның жағасындағы елдімекен тұрғындары жәндікке таланып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Зиянкестердің көптігі соншалық жұрт тіпті далаға шығудан қалған. Отырар ауданына қарасты Сарыкөл ауылының тұрғындары маса мен шыбын-кіргейден әбден зәрезап болғандарын айтады. «Бала-шаға далаға шығып ойнаудан қалды. Тіпті балабақша мен мектепке жібермейтін жағдайға жеттік» – дейді. Ал бақшаға барғандары кешке дейін іште қамалып отырады.

Замира Мұсаева, балабақша меңгерушісі:

Бақшада балаларды далаға мүлде шығара алмаймыз. Таңертең келгеннен кешке қайтарда бір-ақ шығады. Таза ауаға шығаруға, ойнатуға мүмкіндігіміз жоқ. Барлығы тек іште болып жатыр. Аллегрия болады бет-ауыздары ісіп.

Әшірбай Кенжебеков, Сарыкөл ауылының тұрғыны:

– Олар балаға ғой, қанша дегенмен білмейді. Түнде жатқанда «ойбай ата, ана жерімді қасы, мына жерімді қасы» дейді. Мұздай су басамыз, әйтеуір зорға ұйықтатамыз. Үйде жатамыз қазір, далаға шығудан қалдық.

Шіркейлердің көптігі сонша ата-аналар мектепке балаларының бет-ауызын бүркеп жібереді. Бірақ сонда да балалар жәндіктердің шағатынын айтады.

Ажар Өмірзақ, оқушы:

– Шіркейге таланамыз. Үстіміз жара болып, иод жағамыз, мазь жағамыз. Осыны сабаққа киіп барамыз. Түнде ұйықтай алмаймыз.

Шіркей шағып, шағымданушылардың саны күрт көбейген. Емханаға келушілердің көпшілігі балалар. Аллергия болып, бетаузы ісіп кеткен. Ал соңғы 2-3 жылда ауылда залалсыздандыру жұмысы мүлде жүргізілмеген.

Гүлжан Алтынбекова, дәрігерлік амбулатория қызметкері:

Медпунктке келіп жатыр адамдар, аллергия болып жатыр. Жабысып, шаққан жері қышып, қышу қанбайды. Бала жылайды. Жұмысқа барып келуіміз мұң болып тұр. Залалсыздандырып жатқан жоқ. Көмек жоқ. Қайбір жылдары дәрі шашқан, сол кезде азайған. Биыл, былтыр ондай ештеңе көрген жоқпыз.

 

Жергілікті жұрт күн санап қаптап бара жатқан шіркейді құртуға қауқарымыз жетпейді, деп налиды. Ал одан жан-жануарлар да зардап шегіп жатқанын айтады.

Ерлан Алтанов, мал дәрігері:

Малдың өзі қазір жайылудан қалып, тығылып жатыр. Түнде ғана жайылады. Күндіз малдың да, адамның да жүруі мүмкін емес. Жаңадан туған төлдерді жеп қояды. Жабылып, құлағын қанатып жібереді.

Мұндай жәндіктен Отырар ауданындағы барлық ауыл тұрғындары зардап шегіп отыр. Соның салдарынан шаруалар да егіс жұмыстарын жүргізе алмай отыр екен.

Тұрсын Боранбаев, диқан:

Көктем аяқталып келе жатыр. Егіс егу керек, жұмыс істеу керек. Оған еш мүмкіндік жоқ. Қасқарайғанша осы шіркей маза бермейді, жұмыс істетпейді. «Жаздың бір күні қыстық азық» дейді. Біз еңбек етпесек, ол қалай өнім болады. Өнім болмайды. Қазір біздің ауданда шіркейге қарсы ешқандай қозғау жоқ.

Ауылдықтар бұл жәндіктердің тым көбейіп кеткенін соңғы жылдары залалсыздандыру жұмыстарының жүргізілмеуімен байланыстырады. Ал жауаптылар бір-біріне сілтеп отыр.

Бақтыбай Убайдин, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы:

– 2023 жылдың бюджетіне есепті дайындап жатырмыз. 2023 жылы жұмысты бастаймыз. 2022 жылы аудан әкімдігі тарапынан өздері жұмыс жүргізеді. Елді мекен аумақтарын залалсыздандыруды аудан әкімдігі тарапынан жүргізіледі.

Мамандар шіркейлер күзге қарай күн салқындағанда ғана азая бастайтынын айтады. Сондықтан ауыл тұрғындарына шыдай тұрудан басқа амал жоқ.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш