Жамбыл облысында 30 жылдан бері жөнделмеген үйдің күйі жоқ

Бұл Қаратауға кірген бойда бірден көзге түсетін ең биік 9 қабатты қос ғимарат. Екеуі де тұрғын үй. Алыстан мен мұндалап тұрғанымен сырты бүтін, іші түтін. Шатыры, жертөлесі, коммуникациялық жүйесі әбден тозған. Жөндеу көрмегелі ширек ғасырдан асқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазіргі күйін осы үйдің  тұрғыны Кенжебек Ізжанов бастан аяқ көрсетіп шықты.

Кенжебек Ізжанов, Қаратау қаласының тұрғыны:

– Міне. Малдың сүйегі ме, иттің сүйегі ме? Осы. Ішінде жатыр. Мынаны қара. Осымен өмір сіүріп келе жатырмыз қанша жылдан бері. Айтсаң нәтиже шықпайды ешқандай. Айтып-айтып шаршадық уже. Көршілерге айтсаң ешқайсысы беттемейді әкімшілікке. Құлақтан тебеді бәрі.

9 қабатты үйде лифт істемейді. Үңірейіп бос тұрған соң балалар шахтаға құлап кетпесін деп бітеп тастаған.  Мұнда жасы да, кәрісі де, зейнеткер мен мүгедек те өмір сүріп жатыр. 80-ге тарта отбасы тұрады.

Мыңжасар Дайрабаев, Қаратау қаласының тұрғыны:

– Тұр ғой, міне. Мынау жабық. Сол елдің бәрі кемпірлер бер, шалдар бар. Көтеріліп жатады, жүкпен.

8-9 қабат мүлдем қорқынышты. Пәтерлер қаңырап бос тұр.  Есік терезесі  қираған. Жылу жүйесінен ажыратылған.  Баспана деуге келмейді. 

Ал шатыр қырық жамау, шұрық тесік. Жауын жауса төбеден аққан су төменгі қабатқа дейін жетеді. Бұдан халықтың берекесі қашып отыр.

Кенжебек Ізжанов, Қаратау қаласының тұрғыны:

– Төбеден кеткен су мен қазір екінші этажда тұрам. Тіпті төменге, магазинге дейін кетті. Мынау, міне, қабырға. Ремонт жасадық. Бәрі аударылып түсіп қалды. Свет жанбайды. Тіпті, мынау су кеткен кезде біздер деген мынау шатырмен үйдің ішінде бала-шағам туалетке шықты. Жасыратыны жоқ. Қол шатыр ұстап туалетте отырдық. Өткен жылы ғой. Содан бері қанша кетті оның есебі жоқ. 

Әкімдікте бұл үйді жөндеу бас қатыратын проблемаға айналған. Тұрғындар кондоминиумға біріге алмай отыр. Өйткені 50 %-і пәтер қожайыны емес. Ал жергілікті билік жөндеу жұмыстарына қаражат бөле алмайды. Ол тұрғын үй қатынастары заңына қайшы. Оны аудан әкімінің орынбасары ашық айтты.

Қайрат Серімов, Талас ауданы әкімінің орынбасары:

– 8-9 қабаттағы пәтерлерді біз коммуналдық меншікке алдық. Қазіргі таңда біз қаражат қарастырып жөндеп су ақпайтындай қылып жөндейміз.

Қайрат Серимов, Талас ауданы әкімінің орынбасары:

– Қазір сметалық құжаттары дайын болғаннан кейін Мәслихат сессиясына ұсынамыз. Қаражат қараймыз. Оны по этапно істеуге болады. Ол үшін шатырын жабу керек. Бір күрделі сұрақ ол шатыры жасалғаннан кейін барып жасалады.

Енді бұл үйдің күні қазір демеушілерге қарап тұр. Демеуші табылса істеледі, табылмаса осылай  тұрады. Ал әзірше иесіз тұрған баспаналарды жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар жасалып жатыр екен. 

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә