Ақтөбеде түрлі сала ардагерлері арасында облыстық турнир өтті

Ұлы Жеңістің 77 жылдығына орай Ақтөбеде түрлі сала ардагерлері арасында облыстық турнир өтті.

Зияткерлік ойын түрлері бойынша  ұйымдастырылған шараға 80-нен астам зейнеткер қатысты. Олар ауылдар мен аудандық деңгейде өткен іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары. Ал өңірлік турнирдің жүлдесі шахмат, дойбы және тоғызқұмалақ ойындарының үздіктеріне берілді. Бүгінде облыс бойынша екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 8 қария бар. Ұлы Жеңіс мерекесіне орай бұрынғы майдангерлерге 2 миллион теңгеден беру көзделген. Бұдан бөлек өңірде соғыс ардагерлеріне теңестірілген екі мыңға жуық азамат тұрады. Оларға да материалдық көмек көрсетіліп жатыр.

Серік Шаңғұтов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Негізгі мақсатымыз біздер осы ардагерлердің құқығын қорғау, ардагерлердің жағдайын жасау және жастарды осы дұрыс рухта тәрбиелеумен айналысып жатырмыз. Әртүрлі қызметте теміржолшы бар, құрылысшы бар, малшы бар дегендей, механизатор, солардың жақсы істерін жастарға таныстырып, кәсіптік бағдар берумен де айналысып жатырмыз.