Ақтөбеде тәртіп сақшылар марапатталды

Отан қорғаушы күні аясында ел тыныштығын қамтамасыз етуде еңбегімен еленген ақтөбелік полиция қызметкерлеріге алғыс хат пен медаль табыс етілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың арасында қаңтар оқиғасы кезінде жараланған тәртіп сақшысы да бар. Абыройлы қызметін адал атқарып жүрген азаматтарға арнаулы атақтар мен медаль, алғыс хаттар және грамоталар табысталды. Тәртіп сақшыларын марапаттау әдеттегіше полиция департаментінде өтті. Жиналғандар алдымен қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған әріптестерін үнсіздікпен еске алып, ескерткішіне гүл

Отан қорғаушы күні қарсаңында қоғамдық қауіпсіздікті сақтауда қызмет атқарып жүрген полицейлердің еңбегін елеу дәстүрге айналған шара. Бұл жолы бір топ азамат марапатқа лайық деп танылған. Солардың бірі – Жаслан Жексенбаев. Қаңтар оқиғасы кезінде орталық көшеде орын алған қақтығыста ауыр жарақаттанған. Аяқ-қолы зақымданғандықтан ұзақ уақыт ем қабылдады. Енді таяу күндері жаңа – подполковник шенінде қайта жұмысқа шықпақ. Ал, қоғамдық тәртіпті сақтауға қосқан үлесін ерлік деп санамайтынын айтады.

Жаслан Жексенбаев, қалалық жергілікті полиция қызметінің бастығы:

– Сол маңда біздің бірінші мақсатымыз қоғамдық тәртіпті сақтау және де халықтың денсаулығын, халықтың тыныштығын сақтау болды. Ол біздің міндетіміз, біздің еліміздің, халқымыздың, қаламыздың тыныштығын сақтау.

Дәл осындай арнаулы атақ 6 қызметкерге берілді. Бұдан бөлек, 12 жас тәртіпсақшысы «полиция лейтенанты» шенімен марапатталды. Олардың еңбегін департамент басшылығы атап өтіп, құттықтау тілегін жеткізді. Ал облыс бойынша бұл салада ерлігімен еленген қызметкерлер жетерлік.

Жақсылық Нысаналин, облыстық полиция департаментінің басқарма бастығы:

– Ерлігімен халық алдында көзге түскен полиция қызметкерлері бар. Қылмыс ұстап, экстремистік, төтенше жағдайларда, өрт сөндіру, адам өмірін құтқару кезінде. Ондай қызметкерлерімізді ішкі істер министрлігіне ұсыну арқылы қазақ республикасының Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін», «Айбын» ордендерімен, медальдармен марапатталған қызметкерлер бар.

Сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздік пен тыныштықты сақтауда тынымсыз еңбек етіп жүрген бірқатар тәртіп сақшысы алғыс хат пен грамоталарға ие болды.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев