Шымкентте ҰОС ардагерінің үйінің ауласында салтанатты шеру өткізілді

94 жастағы майдангерді құттықтап, өрт сөндірушілер мен құтқарушылар құрмет көрсетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ардагер Алексей Андреев биыл төсекке таңылып, мерекені үйде қарсы алды. Сұм соғыста ерлікпен шайқасқан батыр бабалардың қатары жылдан-жылға азайғанымен, оларға көрсетілер құрмет артпаса, кеміген жоқ. Жеңіс сыйлаған майдангерлердің ерлігін ұлықтау өскелең ұрпақтың борышы, дейді жиналғандар.

Алексей Андреев 1946 жылы құпия жасақ құрамына тартылып, қорғаныс министрлігінің бұйрығымен қызметке алынды. Ел еңсесін тіктеп, жеңіс күнін тойлап жатқанда жасырын топтың ізін кесіп, жау әскерінің көзін жоюмен айналысты. Алексей Андреев өткен күнді еске алып, ескі жараның бетін тырнағысы келмейді. Бірақ құпия жасақтың міндеті аяқталғаннан соң Ішкі істер министрлігінен шақырту алып, қызмет ұсынған екен. Алайда бейбіт күнді аңсаған батыр бірден ауылға оралды.

Игорь Андреев, ҰОС ардагерінің ұлы:

– Әкеміз қиын кезеңді еске алғысы келмейді. Бірақ бізге жасақтың құпия операциялары жөнінде айтып берген. Ормандағы жер асты дәліздері мен жасырылған қару-жарақтар қоймасын тапқанын естігенбіз.

Бірнеше рет дене жарақатын алған Алексей Андреевтің қазір денсаулығы сыр беріп, сыртқаты мазалап жүр екен. Бірақ отанға деген құрметі мен патриоттық рухы сайрап тұр. Сондықтан да құттықтап келген жандардың ықыласын қуана қабылдап, төсектен тұрды. Қазір Шымкентте Ұлы Отан соғысының жеті ардагері бар.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы