Алматыдағы «Мейірім мекенінде» мерейлі шара өтті

Өткен жылдың желтоқсан айында Алматыда қайырымды жанның бастамасымен ашылған «Мейірім мекені» әлеуметтік үйінің тұрғындары үшін бүгін үлкен мереке, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ештен кеш жақсы деп орталық тұрғындары ұлыстың ұлы күні Наурызды атап өтті. 50 отбасына арналып салынған бұл орталықта бүгінге 30-дан аса жанұя тұрады. Олардың басым көпшілігі тағдыр тауқыметін тартқандар.

Әзира Абылаева, көп балалы ана

Өзімізге ұнайды, барлық жері керемет. Ауасы да тамаша бұл жерде. Қалай айтсам, продукты жағынан да жақсы бұл жерде. Өзіміз осы жерде екі бөлмеде тұрып жатқанымызға ризамыз. Балаларым «кКетпейікші, осы жерде қалайықшы» дейді.

Үйі жоқтың – күйі жоқ демеуші ме еді. Жеті баланы жалғыз өзі өсіріп отырған Әзира баспанның зардабын әбден тартқан екен, қазір қуанышында шек жоқ. «Мейірім мекенінде» дәл осындай мұқтаж жандар ғана тұрады екен.

Қайрат Реимов, жоба авторы:

– Бұл идеяның ар жағында осы өсіп келе жатқан балалар, осындай қиыншылық көріп жатқан қарындастарымыздың, әпкелеріміздің үйінде өсіп жатқан балалар ертең аяғына тұрып, елімізге қызмет ететін азаматтар болсын деген ой жатыр.

«Мейірім мекені» үйінде тұрмысқа қажетті дүниенің бәрі бар. Төсек-орын, ыдыс-аяқ, тұрмыстық техникалық заттар да алынған. Қалталары азаматтар осындай қайырымдылық жасайтын болса, елімізде баспанаға мұқтаж жандардың қатары едеуір азаятын еді.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Кенже Амраев