Қазақстандықтар Конституциялық Кеңеске жылына 500-600 шағым түсіреді

Қазақстандықтар Конституциялық Кеңеске жылына 500-600 шағым түсіреді

«Қазірдің өзінде Конституциялық кеңес азаматтардың шағымын қарамайды. Соған қарамастан жылына шамамен 500-600 шағым келіп түседі. Біз оларға қазіргі қолданыстағы Әкімшілік-рәсімдік процестік кодекстің талаптары бойынша жауап береміз. Оның көпшілігі басқа мемлекеттік органдарға жолданып отырады. Қазір де айтуыма болады, олардың көпшілігі Конституциялық кеңестің де, Конституциялық соттың да өкілеттігіне кірмейді», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Мәселен, оның айтуынша, көптеген азамат сот үкімдерімен келіспейді. Жазаны қатаң деп санайды. Өзінің кінәсі дәлелденбеген деп есептейді. Ал мұндай мәселелерді қарау ешқандай елде Конституциялық соттың құзырына кірмейді.

«Дәлелдемелерге тиісті баға беру соттың міндеті. Келіп түскен арыздың 3 пайызында ғана нормативтік-құқықтық актілердің кемшіліктері, проблемалары туралы мәселелер көтеріледі. Бұл – Конституциялық сотта қарала алатын мәселелер. Бірақ, қазір азаматтар Конституциялық кеңеске тікелей жүгіне алмайды», - деді Бақыт Нұрмұханов.