Петропавлда гемодиализ орталығы жабылуы мүмкін

Солтүстік Қазақстанда бүгінгі күні 200-ден астам науқас бүйрек жетіспеушілігінен зардап шегіп отыр. Ал облыс орталығында осындай жандар ем қабылдайтын ең ірі деген гемодиализ орталығы жабылып қалудың алдында тұр. Денсаулығы сыр берген науқастар осылай деп дабыл қағуда. Себебі аурухана ғимаратты жалға беру үшін жаңа тендер ойнатқан. Ал оны ақтөбелік компания ұтып алған.

Көп бейінді қалалық аурухана жанынан осыдан 10 жыл бұрын гемодиализ орталығы ашылған болатын. Бүгінде мұнда бүйрегі сыр берген 70-ке тарта науқас ем-дом алады. Медициналық ошақтың жабылатынын естіген халық арнайы жиналды.

Любовь Субачева, гемодиализ орталығының емделушісі:

- Бұл біздің өңірдегі ең жақсы деген орталық. Мықты мамандар да осында. Бес жыл бойы қаралып, ем алып келемін. Жансақтау бөлімшесі де бар. Қысқасы, қазір бізді бұл жерден қуып жатыр.

Ал 26 жастағы Татьяна Сукманюктің екі бүйрегі де жоқ. Аптасына үш мәрте ем қабылдауы керек. Гемодиализдің арқасында аман жүр десе де болады.

Татьяна Сукманюк, гемодиализ орталығының емделушісі:

- Бүйректерімнің жоқтығынан қан қысымым күрт жоғарылап, кейде күрт төмендеп кетеді. Яғни маған уақытылы сапалы медициналық көмек көрсетілмей қалса, арты қайғылы аяқталуы мүмкін. Басқа орталықтарға барып көрдім. Бірақ қызмет көрсетулері ұнамады. 

Аталған орталық аурухана ғимаратынан кабинет жалдап келген. Бірақ биыл оны жалға беру үшін жаңа конкурс жарияланған екен. Ал оны ақтөбелік компания ұтып алыпты.

Жанна Маутова, қалалық көп бейінді аурухананың директоры:

- Бұл ғимаратты жалға беру үшін ойнатылған тендерді жеңіп алған компанияның лицензиясы жоқ екендігі анықталды. Сондықтан олар гемодиализ орталығын аша алмайды. Әзір нақты келісім-шарт жасалған жоқ. Сондықтан олар бұл жерде жұмыс істемеуі де мүмкін. Ал қазіргі орталыққа біз ауруханадан басқа жерінен де орын тауып беруге дайынбыз. 

Қазір өңірде өмірі осындай орталыққа байланған 200-ден астам науқас бар. Олар үшін денсаулықтан асқан байлық жоқ.

Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев