Оралда тергеу абақтысының құрылысы аяқсыз қалған – БҚО

Оралда тергеу абақтысының құрылысы аяқсыз қалған – БҚО

Бұған кезінде бақандай 9 млрд теңге жұмсалды. Мың жарым орындық ғимарат ішкі істер министрлігінің сұрауы бойынша салына бастаған еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ кейін қаңырап тұрған соң облыс әкімдігінің балансына тегін берілген. Бірақ аймақ билігі оны не салмады, не қолынан іс келетін біреуге бермеді. Ең қызығы қазіргі қолданыстағы тергеу изоляторы апатты жағдайда тұр. Енді оның орнына тіптен басқа ғимарат салынбақ. Шенеуніктерді бұл қылғына жұрт түсіне алмай аң-таң.

Оралда тергеу изоляторының құрылысы 9 жыл бұрын басталды. Бұл аралықта шаһарда жаңа ықшам аудандар пайда болды. Алайда изолятор әлі аяқсыз күйде тұр. Ел қазынасынан бөлінген қыруар қаражат ұстағаннан қолында, тістеген аузында кетті. Сот процесі де сағыздай созылып, ақырында құрылыс біржола тоқтады. Оның үстіне жоба тиісті талаптарға сай болмай шығыпты.

Асқар Тілегенов, БҚО қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары:

– Құрылыс тоқтатылған кезде тиісті жұмыстардың 63%-і бітіп тұрды. Алайда сапасы көңіл көншітпеді. Мәселен, қабырғалардың қалыңдығы тиісті нормада емес. Сонымен қатар облыс әкімдігі бұл аумаққа жаңадан «Ақжайық» шағын ауданын салуды жоспарлап қойған. Олар түрме орналасқан төңіректе инвестициялық ахуалды жақсарту қолайсыз екенін алға тартты.

Енді қаражат та, изолятор да жоқ. Ішкі істер министрлігі ат шаптырым аумақты алып жатқан құрылыс нысанын әкімдікке тегін бере салды. Ал жергілікті атқарушы орган тергеу изоляторының ғимаратын қай бағытта қолданарын білмей дал. Инвесторлардың бірі медициналық хаб ретінде пайдалануды ұсынған. Әйткенмен кейін қаржылық қиындықтарға байланысты жобадан өзі бас тартты. Содан бері әзірге өзге іскер жандар тарапынан өтінім түспеген.

Ғали Есқалиев, облыс әкімі:

Шыны керек, мен қарсы болдым ондай изоляторды ашуға. Біз инвесторларға ашықпыз. Сондықтан ол изолятор қай мақсатта жұмыс істейтінін әзірге бізде нақты шешім жоқ. Қазір бір идеямыз бар: ол – сол жерді біздің полиция департаментіне беру. Өйткені Зачаганскта бізде РУВД жоқ. Сол жерде РУВД, облыс орталығынан госпитальді сол жерге аудару, т.б. Яғни полицияларға бергіміз келеді. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз.

Қолданыстағы тергеу изоляторы 165 жылдық тарихы бар көне ғимаратта орналасқан. Нысан апатты жағдайда тұр. РУ 170/2 түзету мекемесі де әбден ескірген. Сарапшылар аяқсыз қалған тергеу изоляторы жобасын одан әрі жалғастырып, саладағы кемшіліктерді жою қажеттігін айтады.

Павел Кочетков, адам құқығын қорғау жөніндегі қазақстан бюросының филиал директоры:

– Тергеу изоляторының жобасы басқа мақсатта қолдануға келмейді. Келген күннің өзінде қомақты қаражат пен ұзақ уақытты талап етеді. Олай шығынға батқанша, жобаны бастапқы мақсатпен одан әрі жалғастырып, түзету мекемелеріне беру қажет. Қазіргі изолятор мен жалпы режимдегі колонияның жағдайы мүшкіл. Сол мәселелерді реттеуге болар еді.

Ал қылмыстық атқару жүйесі департаментінің мамандары тергеу изоляторына қайтадан жаңа ғимарат салуды ұсынып отыр. 

Асқар Тілегенов, БҚО қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары:

– Тергеу изоляторына бәрібір жаңа ғимарат салу қажет. Ішкі істер министрлігіне ұсыныс жолдаймыз. Жергілікті әкімдік қаланың басқа аумағынан жер беруге уәде етті. Қазір жобаға инвесторларды тарту жайы қаралып жатыр. Экономика мининстрлігі қала ішінде тергеу изоляторын салуға қатысты сараптама жасайды. Егер оң қорытынды алсақ, жобалық-сметалық құжаттарды дайындау мақсатында бюджетке өтінім жолдаймыз.

Талан-таражға түскен тоғыз млрд теңге түбінде сұраусыз қалды. Ал жобаны қайта бастауға кемінде қанша қаражат керегі түсінікті.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов