Құрылысы аяқсыз қалған су қоймалары шаруаларға қолбайлау болып отыр – Алматы

 

Құрылысы 2017 жылы басталған Аралтөбе және Иеңкөл су қоймаларының құрылысы биыл аяқталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алматы облысының Басши ауылдық округіндегі нысанға қатысты әкімдіктегілер тағы да осылай деп жауап берді. Естеріңізге сала кетсек, өткен жылы аталған мәселені біздің арнаның тілшілері көтерген болатын. Сол кезде де тапсырыс берушілер жыл соңына дейін құрылысты аяқтаймыз деп сендірген еді. Бірақ олардың айтқаны орындалмай, шаруалар биыл да егін еге алмай қалды. Мұхит Сәрсеновтың суармалы егістік алқабына соқа салмағанына алты жыл болды. Иеңкөл бөгетіне су жиналмауы салдарынан ол 28 га жерін игере алмай, мал азығын дайындай алмай отыр. Ауылда тұрса да жем шөпті сырттан сатып алуға мәжбүр.

Мұхит Сәрсенов, шаруашылық жетекшісі:

Біз тек қана осы су қоймасымен ғана жан бағамыз. Басқа жерде бізде мүмкіншілік жоқ. Қазір көшудің аз-ақ алдында тұр. Былтырғы жылы малдың шығыны 150 басқа барды. Ірі қараның өзі. Ұсақ малды айтпағанда.

Құрылыстың созбалаңға салынуынан Нұрым және Басши ауылының тұрғындары негізгі табыс көзінен қағылып отыр. Өйткені тіршіліктің тірегі егістік еді.

Ұлпаш Сейсенова, ауыл тұрғыны:

Халық қазір сенделіп, сең соққан балықтай болып жүр. Ген подрядчик дегенді ешкім көрген жоқ. Қайда десең, жұмыстан босап кетті дейді. Неге мемлекет оларды қудаламайды, неге ұстамайды? Неге мынаны орнына қойдырмайды? Халықты қан қақсатқанша.

Қос нысанды күрделі жөндеуден өткізуге 1,3 млрд теңге бөлінген. Қаражатқа алты шақырымнан асатын құбыр тартылып, суағарлар салынды. Тоспаның табаны тазаланыпты. Бірақ атқарылған жұмыстың сапасы сын көтермейді, – дейді құрылысқа қатысқан тұрғындар.

Мұхтар Бұғыбаев, ауыл тұрғыны:

21 маусымда бітіріп береміз деді. Олар жоқ болып кетті. Одан кейін біреулер келді. Олар жұмыс істеген жоқ. Одан кейін басқа жігіттер келді. Олар өздерінің қаражаттарына біразын жасады да кетіп қалды. Сапасыз платинаның топырағын шығарды да әрі қарай жинап қойды. Ертеңгі күн су толғанда, су оны бері қарай қайтадан түсіреді. Сол жағынан дұрыс тазаланбады. Латоктары әр жерде қирап жатыр. Трубасы тоже бітпеді. 

Әлібек Жақанбаев, облыс әкімінің орынбасары:

Мердігерді сотқа бердік. Өзінің жұмысын дұрыс атқармағандықтан. Бірінші сот отырысында мердігер кінәлі болып, сот өзінің шешімін шығарды. Енді олар апеляцияға берді. Апеляция 18 күні қаралады. Біз бұл жұмысты биылғы жылдың аяғына дейін аяқтап, келер жылдан бастап қолданысқа береміз.

Облыс әкімінің жергілікті халықпен кездесуінде Басши ауылдық округінің тұрғындары бірнеше мәселені көтерді. Оның ішінде ауыз су тарту, жайылым қажеттігі сынды проблемалар бар. Соның ең маңыздысы – бөгеттің құрылысын аяқтау. Өйткені қазір аймақтағы егістік алқаптар игерілмей жатыр. Осы жылы да егін екпеген шаруалар енді келесі жылға зор үмітпен қарап отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов