Түркістандықтар жерді тиімді игерудің тәсілін қолданып, жылына екі рет өнім алады

Әліпбай Егенбердиевдің үй – іргесіндегі  шаруашылыққа берілген қосалқы жер телімі жайқалып тұр. Өндіріс орнымен келісім шартқа тұрғандықтан биыл екі рет өнім алуды жоспарлап, 16 сотық жерге ерте көктемде жүгері екті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айтуынша, қажетті дәні мен керекті минералды тыңайтқышын да өздері жеткізіп берген. Тек талмай еңбек етсек егін маусымында 1 млн 200 мың теңге пайда табамын, - дейді.

Әліпбай Егенбердиев, диқан:

Базарға апарып өткізе алмай келген жағдайларымыз да болған мысалы. Ал бұл өзі келіп алып кетеді. Өте тиімді ауыл үшін өте жақсы. Бұлар 75-80 күнде піседі. Ал олар 120-130 күнде піседі кәдімгі қара жүгері. Екі рет өнім алу керек. Соны жоспарлап отырмыз.

Ақдала ауылдық округі бойынша 30 отбасы дәл осындай келісіммен үй іргесіндегі жерін игеріп жатыр. Өнім, егіс даласынан тікелей зауытқа жөнелтілетіндіктен шаруалардың ықыласы жоғары.

Ауылдағы ағайынның дайын өнімі арадағы алып-сатарларсыз өндіріске бағытталады. Бұл жаңа жоба бос жатқан жерлерді игеруге мүмкіндік берді. Ақдала ауылдық округінің өзінде үй іргесіндегі шаруашылыққа бағытталған 100 гектардан астам жер бар.

Берік Әбілқасымов, Ақдала ауылдық округінің әкімі:

Келісім шартта барлық жағдайлар қарастырылған. Форс-мажорлық жағдайларға дейін қарастырылған. Жалпы шаруаларға бұл тиімді деп есептеймін. Келісім шартта тұрған азаматтардың арасында вацап желісі арқылы чат құрылған. Сол жерде әрбір келісім шарттағы екінші тарап өзінде болып жатқан жағдайларды, фото-фидео отчеттарының бәрін жіберіп отырады.

Ел ғалымдарының ізденіс пен зерттеуі екі тарапқа да тиімділігін көрсетсе, алдағы уақытта өсірілетін көкөніс түрлері де көбейтілмек. Ал биыл төрт мың екі жүз халқы бар Ақдала ауылында қызанақ пен жүгері егілді.

Авторлары:  Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы