Ақтөбеде жауған нөсер жауын тұрғындарды әуреге салды

Ақтөбеліктер де әуре-сарсаң. Кешелі бері көшелерді су басып, қозғалыс қиындады. Жауыннан кейін бірнеше көп қабатты үйдің шатырынан су кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ең сорақысы, мемлекеттік бағдарламамен салынған жаңа үйлердің сыры белгілі болды. Ескі жатаханалардың да жертөлелері көлкіп тұр. Елдің есін шығарған бұл жайт болмас па еді, кім білсін?! Мегаполиске айналады деген шаһарда суағарлар мен арық мәселесі шешілмей-ақ қойды. Жаңбыр жауса болды, болашақ мегаполис тұрғындарының көретін күні осы.

«Нұр-Ақтөбе» шағын ауданындағы мына үйдің тұрғындары өткен түнде көрген қорлығын айтып тауыса алмады. Себебі толассыз жауған жаңбырдан подъездегі құбырлардың бірі жарылып, бірнеше пәтерді су басқан. Электр желісін уақытша ағытып тастауға тура келген. Ол аздай, шатыр мен терезе жақтауынан су сорғалапты. Тұрғындар 9 қабатты үйге төрт жыл бұрын  қоныстанған. Мемлекеттік бағдарламамен берілген үйдің сыйқы осы.

Айнұр Әбиева, қала тұрғыны

– Басында ойладық бұл қай жақтан ағып жатыр екен? Ол енді қатты бір жауын болды деп ойлаған жоқпыз. Шындап келсек, мына труба жарылған. Үйдің сыртында не деуші еді? Жарықтар бар. Сол бір тесікті тауып алады да, су деген үйлерімізге, тіпті залдың пластиктің резинасының арасынан да өтіп кетті ғой .

Нөсер жауыннан қалада қанша үйге су кіргенін ешкім нақты айта алмайды. Дегенмен түні бойы жауған жауыннан шаһардың біраз көшесін су басып, қозғалыс қатты қиындады. Әсіресе облыс орталығындағы екі бірдей жаңа шағын аудан тұрғындарының әбігерге түскені әлеуметтік желіде жария болды.

Алмагүл Сарыбөпиева, қала тұрғыны:

– Есіктің алдының бәрі күнде жаңбыр, балшық. күнде азанда балалар жұмысқа баратын кезде судан өте алмаймыз. Енді соған мүмкіншілік болса, көмектессе дейміз.

Коммуналдық мекемелер күшейтілген режимге көшті. Түні бойы 80-нен астам су сору техникасы қаланың әр бөлігін тазартуға жұмылдырылды. Жаяу жүргіншілер жолына инертті материалдар төселіп жатыр. Осы уақытқа дейін көмек сұраған 20-дан астам тұрғынның өтініші орындалды. Дегенмен жауапты мекемелерге хабарласып жатқандар әлі де бар. 

Серік Дәулетов, қала әкімі аппаратының бөлім басшысы:

– «109» қызметі арқылы арыз-шағымдар келіп түсті. Арыз-шағымдар комиссиялық түрде тексерілді. Жергілікті атқарушы орган тарапынан арнайы техникалар жіберіліп отырды. Бір күннің ішінде 4 мың куб су сорылды. Сонымен қатар екі мобилді топ жұмыс жасады арықтарды тазарту бойынша.

Қазір жағдай қалыпты. Алайда мамандар алдағы бірер күнде де жауын жаууы мүмкін екенін ескертеді.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев