Түркістандықтар жол машақатын тартып жүр

Бұл – Түркістан мен Кентау тас жолының Ащысайға дейінгі аралығы. Ұзындығы – 33 шақырым. Орташа жөндеу жұмыстары биыл аяқталуы тиіс болатын. Алайда басталмай жатып тоқтап қалған. Қазір бұл жолды жүргізушілер – «азапты жолы» дейді. Себебі  шұрқ-тесік, өгізаяңмен жүрмесе көлігін бүлдіреді. «Жарты сағаттық жолды жарты күн жүреміз» деп налиды амалы таусылған жүргізушілер, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы мұндағы жөнделуі тиіс жолдың ұзындығы – 48 шақырым. Қазір оның 15 шақырымын басқа мердігер мекеме істеп жатыр. Ал қалған 33 шақырымын орташа жөндеуден өткізуі тиіс мердігер 2020 жылы 7 шақырым жолдың беткі қабатын қырып, одан кейін жұмысын тоқтатқан. Себеп - нарықта құрылыс материалдары қымбаттап кеткен. Жауапты басқармаға бағаны көтеру бойынша бірнеше мәрте хатпен шыққан. Алайда басқармадағылар қолданыстағы заңда күрделі жөндеу жұмыстарының бағасын көтеру жағы қарастырылмағандықтан ұсынысты кері қайтарып отырғандарын айтады. 

Қайрат Фазылов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

Алайда мердігер мекеме жұмыстарды атқармауына байланысты біз қолданыстағы заңнамаларға сәйкес мердігер мекемемен бүгінгі таңда келісім-шартты бұздық. Қазір осы аралықты орташа жөндеуден өткізу үшін сметалық құжаттары әзірленді. Жалпы құны 2 млрд теңге. Құжат автомобиль жолдары комитетінің қарауында. Қорытындысы шыққан соң бюджетке ұсыныс беріледі. Биыл жөндеу жоспарлануда.

Жауаптылардың айтуынша, биыл өңірде ұзындығы 760 шақырым облыстық және 109 шақырым аудандық маңызы бар жол ағымдағы жөндеуден өтеді. Сондай-ақ 68 нысан мен 4 көпірге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Облыс орталығы мен ірі елді мекендерді  байланыстыратын туристік бағыттағы жолдарға басымдық беріледі.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов