Таразда көп қабатты екі үй құлағалы тұр

Таразда екі бірдей көп қабатты үй қауіпті жағдайда тұр. Қазірдің өзінде қабырғалары сөгіліп, кірпіші үгітіле бастаған. Ал кәріз жүйесінің сау тамтығы жоқ, әбден шіріген. 260 пәтерлі екі үйде шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа да қаптап өріп жүр. Жұрттың берекесін қашырған тұрғын жай енді қашан жөнделеді? Әлде жөнделмей ме? Онысы беймәлім. 

Төле би көшесінің бойындағы мына номері 8 және 4 үй апатты жағдайда. Қызыл кірпіштен қаланған қабырғалары жарты белге дейін үгітіліп, бетон тіреулер құлағалы тұр. Бұл күйде тұрғанына 20 жылдан асты. Ал мұнда 200-ден астам отбасы өмір сүріп жатыр. Енді ол аздай кәріз құбырлары ескіріп, жарылып кеткен.

Кәріздің сасық иісі кіреберістен қолқаны қабады. Жұрт бұған үйреніп кеткені соншалық көңіл аудармайтын жағдайға жеткен. Бірдеңе сұрасаң қолды бір сілтейді. Мәселені айта-айта ығыр болғанбыз дейді олар.

Айнұр Арқабаева, қала тұрғыны:

- Тарақан да пайда болды, қандала да пайда болды, тышқан да, крыса да пайда болды.  Есік-терезені ашсаң мынандай майда шыбындар үймелеп кеткен. Осы бірінші этажда тұрдым, мына судың бәрі үйіме кіріп кетті. Кішкентай балам қайта-қайта ауыра берді кезек-кезек.   

Ұлбосын Әйтекова, қала тұрғыны:

- Балалар, ауру үлкен кісілер көп. Бала-шаға көп. Бізге ешқандай қарамайды. Жоғары жақтан да көңіл бөлмейді. Өзінше бөлек қалдық. Бұл жердің адамдарын адам есебінде көрмейді ешкім.

Бұл үйді сүріп тастау керек, не тыңғылықты жөндеп беру қажет, дейді ашынған тұрғындар. Басқасын айтпағанда баспана әлі күнге дейін табиғи газға қосылмаған. Тұрғындар газ баллондарды тұтынып отыр. Бұлай жалғаса берсе күндердің күні үйіндінің астында қаламыз деп қауіптенеді халық. 

Гауһар Үсіпова, қала тұрғыны:

- Қауіпті апатты жағдайлар көп болды. Үтік қосылып қалған, палас жанып, газ баллонға екі-ақ метр қалды. Біз есігін бұзып үлгірдік.  

Әкімдік бұл үйлердің жағдайын жақсы біледі. Көбісі мәселесі бітпейтін көп үйден айналып өтуге тырысады. Алайда 7 жыл бұрын көңіл бөліп, шатыры мен әжетханалары жөнделген көрінеді. Енді күтіп ұстамаған өздерінен көрсін деп отыр. Биыл жаңғырту жұмыстарына тағы қаражат қарастырылуы  мүмкін. 

Ғани Әлімбаев, Тараз қалалық тұрғын-үй қатынастары бөлімінің маманы:

- Инженерный сетьке, отоплениесіне, канализациясына, әжетханасына және усилениеге, полный капитальный ремонт жүреді. Бұл ақша былтыр қаралған жоқ, биыл бөлініп жатыр, бұл ақша қайтарылмайды.

Бұл үйлерді бірсыпыра жөндеуге мемлекеттен 130 миллион теңгедей ақша бөлініпті. Енді тендер жарияланады. Жөндеу жұмыстарын мойнына алатын мердігер компания анықталса, биыл жазда құрылыс басталмақ. 

Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә