Көктемде су бұзған көпір мен жолдар сол күйі жатыр. Ақтөбе облысы

Көктемде тасқын шайып кеткен жолдар әлі жөндеусіз жатыр. Ақтөбе облысының Қобда ауданында сол кезде үш ауылдың қаламен байланысы үзілді. Жергілікті билік қираған өткелдердің бірін уақытша жөндеп, екіншісін қысқа дейін бір жақты қыламыз деп отыр.

Ал Өтек ауылындағы көпір опырылған күйі жатыр. Тұрғындар су қайтқан соң айналма жол төсеп алған. Алайда ылдидағы өткел қыста жүруге жарамайды.

Өтек ауылынан шығаберістегі көпірді сәуір айының басында су  шайып кеткен. Еріген қар суы ағысының қаттылығы сонша бірнеше тонна бетон мен кірпішті санаулы сағатта бұзып өтіпті. Салдарынан 600-ге жуық тұрғыны бар елді мекен аудан орталығымен байланыссыз қалған.

Сүлеймен Қожанов, Өтек ауылының тұрғыны:

- Арғы беттен нан әкеліп, бергі бетке қайықпен балалар өткізді. Ауылдың балалары. Үзіліп қалды әнеу күні. Бір жеті жатты шыға алмай бәрі де.

Ибрагим Ержанов, Өтек ауылының тұрғыны:

- Жігіттер машинаны арғы бетке қояды. Судан жүзіп өтеді мұзбен. Менің күйеу балам болды. Ана жерде труба бар. Трубаның астына кетіп қалды. Қайта ішінде сең жоқ болды. Құдай сақтады. Мына жол қиын боп тұр. Мост қиын болып тұр.

Жергілікті әкімдік пен құтқарушылар қираған көпір басында бір апта бойы кезекшілік ұйымдастырған. Су тартылып, өзен арнасына қайтқан соң ғана ауыл ішінен күл тасып, уақытша өткел жасап алған.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Бұл көпірдің өзін жергілікті тұрғындар осыдан үш жыл бұрын ескі-құсқы құрылыс материалдарнан өз қолдарымен тұрғызыпты. Алайда биылғы үлкен су еңбекті зая еткен. Қираған өткелді қайтадан орнына тұрғызуға қыруар қаражат керек. Оған жергілікті халықтың қалтасы көтермейді.

Сондықтан билік өкілдері қалың жұрттың базынасына құлақ асса дейді. Одан қалды Жарық ауылына дейінгі 14 шақырым жол да көктем мен күзде ми батпаққа айналып, қыстың боранында қатынасты қиындатады. 

Айбек Өтеев, Өтек ауылының тұрғыны:

- Біздерді шынын айтқанда, көбі мазақ қылады. Өтекке кірсек шыға алмай қаламыз деп. Ақтөбеден келген адам, басқа жерден келген, осыннан шығып кетуге асығады ғой. Қалып қоямыз деп. Ана жол деген қазір күнде жаңбыр былығып, дымы қалмай жатыр. Жеңіл машиналар жүре алмайды. Қашып жүреміз ана колея, мына колея. Айналып өтеміз, бір жерде мінеміз, бір жерде түсеміз деген сияқты. Солай әйтеуір күнімізді көріп жатырмыз.

Алайда аудан әкімі Өтек ауылына барар жол биыл жөнделе қоймайды дейді. Қаражаттың жоқтығы қолбайлау болғандықтан қыста қарын күреп, жаз мезгілінде қиыршық тасын жайып, түзетуге ғана қауқарлымыз дейді. Жаңа көпірдің де құрылысы келер жылдың еншісінде. 

Болат Кулов, Қобда ауданының әкімі:

- Өтек ауылына баратын көпірді біз қазір жобалық-сметалық құжатын жасап жатырмыз. Жылдың аяғына дейін ол көпірді біз асарлатып өзіміздің күшімізбен жөндеп қоямыз. Келесі жылы облысқа жобалық-сметалық құжаты дайын болғаннан кейін бюджеттік ұсыныс беретін боламыз. 

Жоба аясында жолды да жаңарту жоспарланып отыр. Ал су шайып жарамсыз боп қалған Егіндібұлақ ауылы маңындағы көпірге жыл соңына дейін ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қолданысқа беріледі. Сарыбұлақ ауылымен қатынасты уақытша лекерлер қойған аудан әкімдігі келер жылы асфальт төсеп, жаңа өткел орнатамыз деп сендірді. 

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков