Атырауда ит аулау басталды

Атырау көшедегі итпен алысып жатыр. Көшеде бостекі жүрген хайуанның қауіпті екені де рас. Бірақ кейбір тұрғындар иесіз итке араша түсіп жатыр. Ал жергілікті билік салпаңқұлақтарды аулау үшін қазынадан 31 миллион теңге қаражат бөліп те қойған.

«Боб» есімді мына қара төбеттің орталық ықшам аудандардың бірін қоныс қылғанына 4 айдан асыпты. Әуелде қоқыс алаңын паналаған үй жануарына тұрғындардың мейірі түсіп, бүгінде ауланың қырағы сақшысына айналған. Енді иттердің көзін жояды деген хабар шыққалы тұрғындар Бобтың тағдырына алаңдайды. 

Гүлбағдат Ержанова, қала тұрғыны:

- Көршілер болып, мойнына қызыл лента байлап қойдық. Бірақ стерилизацияға да, кастрацияға да көнеміз. Оның ақшасын төлеп жасатамыз да. Соны жасатқанша осы итімізге тимеуін өтінемін. Иттің бәрі бірдей адамға шабуыл жасайды деп ойламаймын. Бірақ жуас иттер де, адамға зияны жоқ иттер бар.

Иттен қауіп бар екенін жоққа шығаруға болмас. Осы жылдың өзінде Атырау қаласы бойынша 2 баланы ит қапты. Дегенмен, көп жағдайда адамдардың өздері де кінәлі боп жататынын мамандар да жоққа шығармайды. Сондықтан бүгінгі қабылданып отырған ереже иттерді құртуға емес, оларды іріктеп, ең қауіптісін оқшаулауды көздейді.

Мұқаш Жабасов, мердігер мекеме өкілі:

- Тест өткіземіз адамға қауіпті ме екен, адамға, балаға, басқа жануарға дегендей. Қауіпті болмаса ол жануарды піштіріп, құлағына сырғасын салып, ішкі құртын, бүргесін бәрін тазартып және құтыруға қарсы егеміз. Сосын 10 күн шамасында ұстаймыз. Піштірген жерлерінің жаралары жазылу үшін. Сосын бұрынғы жеріне апарып қайта жібереміз, адамға қауіпті болмаса. Қауіпті жағдайда ол ит біздің базада қалады әрі қарай өмір сүруге. Ешқайда шығарылмайды. 

Өңірде ит аулауға бюджеттен 31 миллион теңге қаражат бөлініпті. Егер тұрғындар осы хайуандардан қауіп болса 109 номеріне хабарласып, өтініш бере алады. 

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин