Қала іргесіндегі ауылда этносаябақ ашылды – Атырау

Қала іргесіндегі ауылда этносаябақ ашылды – Атырау

Атырау қаласының іргесіндегі Еркінқала ауылында ұлттық салт-дәстүрді насихаттайтын этносаябаққа келушілер қолөнер бұйымдарын тамашалай алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Атқа мініп, алтыбақан теуіп, ұлттық тағамдардан дәм татады. Келешекте төрт түлік мал көрмесін ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сәби санаға ұлттық құндылықтарымызды сіңіру арқылы оларды отансүйгіштікке, туған табиғатты аялауға арналған игі бастама жалғасын табатыны сөзсіз. Жалпы алдағы 3 жылда мұнайлы өңірде осындай 9 ұлттық жоба жүзеге аспақ. Аумағы 2 гектарды алып жатқан саябақ көне қазақ ауылының шағын көрінісі десе болғандай. Әсіресе, төрт түлік малды теледидардан көріп, кинодағы киіз үйге үздігетін бүгінгі ұрпақ үшін бұл нағыз керемет болды. Содан ба этносаябақтағы тамашаға тек балалар емес, аға ұрпақ өкілдері де ризашылықтарын білдіріп жатыр. 

Өтешқали Әміров, Еркінқала ауылының тұрғыны:

– Салт-дәстүр, өзіміздің қазақы ділі неше түрлі өз салтымызды көрсетіп тұрған жер екен. Еркінқала ауылының өзінде тұрамын. Келіп, қуанып тұрмын. Мына өсіп келе жатқан ұрпаққа, балаларға бәрімізге керекті салтымызды көрсетсе, тарихымызды танып қатты қуанамыз.  

Этносаябақ аумағында ойын алаңдарынан өзге жергілікті шеберлердің қолынан шыққан түрлі ұлттық бұйымдарды кездестіруге болады. Сондай-ақ атқа мініп серуендеп, арқан тарту, садақ ату секілді ұлттық спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік жасалған. Мұнда аптаның әр күні белгілі бір тақырыпқа арналған. Ал демалыс күндері жергілікті ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылмақ. 

Гүлжан Күзекешева, жоба жетекшісі:

Халықтың қызығушылығы жақсы. Көнені көрген қарияларымыз азайып бара жатыр. Көне заманда ұстаған дүнияларымызды қазіргі балалар танымайды. Соны атадан балаға мұра ету мақсатында өзіміз салтымызды, дәстүрімізді тарихымызды осы жерде насихаттау арқылы, жастарымызды Отанына, туған жерге ыстық махаббатын ояту.

Атырау облысында ішкі туризмді дамытуға мүмкіндік жеткілікті. Бұған дейін атыраулықтар мен қала қонақтары «Ақжайық» табиғи резерваты мен Каспий теңізінің табиғатын тамашалап келсе, енді оған тағы бір керемет көрмелік орын қосылды. Өңірдің 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы кешенді жоспарына сәйкес тағы 9 жоба жүзеге асады деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин