Сот павлодарлыққа заңсыз ауыстырылған пәтер кезегін қайтарды

Баспана кезегі шегерілген павлодарлық Анастасия Лунга сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес  қызметінен көмек сұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол 2008 жылдан бері пәтер кезегінде тұр. Кезінде әкімдік қызметкерлерінің кеңесімен «жетімдер» санатынан «толық емес отбасы» санатына заңсыз ауыстырылыпты. Бастапқы мәртебесін қайтару үшін әкімдіктің табалдырығын тоздырған ол әділдікті – енді соттан іздейді. Азаматтық істер жөніндегі сот алқасы Анастасия Лунганы мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға жататын азаматтар тізіміне, оның ішінде, «жетімдер» санатына қайтадан қосуға шешім шығарған. Ал қалалық әкімдіктің Қаржы бөлімін қателікті жоюға міндеттеген. Бірақ соттың шешімі сол күйі орындалмай қалды. Амалы таусылған Анастасия Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне шағымданған. Жүргізілген тексеру нәтижесі бойынша пәтер кезегі қайтарылды.

Анастасия Лунга, қала тұрғыны:

2010 жылы менің қызым дүниеге келді. Сол кезде  ТҮКШ мені жетімдер санатынан толық емес отбасы санатына өтсең баспанаға тезірек қол жеткізесің деп үгіттеді. Олар сондай-ақ тиесілі бір бөлмелі емес одан да көп бөлмелі пәтер аласың деп сендірді.  Мен қателескенімді кейін түсіндім. Өйткені кезегім алға емес артқа жылжи берді. 2010 жылдан бері әділдікке қол жеткізе алмай келдім

Назымбек Бекжанов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі  Павлодар облысы бойынша департаменті превенция басқармасының басшысы:

Жергілікті атқарушы биліктен көмек сұрап  талай рет барыпты. Жетім қыздың өтініші аяқсыз қалып отырған. Комиссия пәтер кезегін  қайта қалпына келтіруге негіздеме жеткіліксіз деп тауыпты. Ал 2021 жылдың тамыз айында жетімдер категориясы бойынша кезекке алу туралы соттың шешімі шыққан. Бірақ осы уақытқа дейін ол қанағаттандырылмай келді. Біз барлық жағдайды зерттедік. Кездесулер өткізілді. Ақырында, міне, 2008 жылы тұрған пәтер кезегі  қайтарылды.