Түркістан облысында түлектер мұқтаж жандарға үй тарту етті

Түркістан облысында түлектер үй тарту етті

Бұл – Шолаққорған ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Гүлжанат Қыдырбаеваның көптен күткен баспанаға қол жеткізген бақытты сәті. Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің 2002 жылғы түлектері көпбалалы отбасыға 4 бөлмелі үй сыйлады. Үйдің ішін қажетті дүниемен толтырып берді. Бау-бақша егетін 20 сотық жері бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үлкен ұлы мектеп бітіріп, соның қуанышымен жүрген Гүлжанат Қыдырбаева табан астында үйлі болғанын естігенде, таңырқап қалды. Көзінен қуаныштың жасы еріксіз шығып кетті.

Гүлжанат Қыдырбаева, көпбалалы ана:

Ойламаған жерден баспаналы болдым. Мүлде ойламадым. Керемет әсерде тұрмын, рахмет баршаңызға. Бұрын біз Әлия мектеп жағында балабақшада тұрдық.

Көпбалалы ана Гүлжанат Қыдырбаеваның бір қызы аурушаң. Осы уақытқа дейін жолдасы екеуі тапқанының барлығын қызының еміне жұмсағандықтан, баспана алуға мүмкіндіктері болмапты. Ал түлектер көпбалалы отбасының жағдайымен жақсы таныс болған. Сондықтан баспананы осы отбасына сыйлауды жөн көріпті.

Алмас Саттаров, түлек:

Басты мақсат бізде аудан орталығынан мұқтаж жанұяға баспана сыйлау керек болды. Мақсат орындалды. Жастайынан оның әлеуметтік жағдайын бәріміз білеміз. 5 бала-шағасы бар. Бір баласы аурушаң. Сол себептен таңдадық.

Игі дәстүр Созақ ауылында да жалғасын тапты. «Созақ» мектеп-гимназиясының 20 жыл бұрынғы түлектері екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған мүмкіндігі шектеулі, жалғызбасты анаға 5 бөлмелі үй тарту етті. Тұрғын үйді тапсыру рәсіміне аудан әкімі, ардагерлер, ауыл тұрғындары мен түлектер қатысты. Жаңа баспана жылу жүйесі қосылған. Қосалқы шаруашылыққа арналған жері бар. Қоныстой иесі Салтанат Ахметова бұған дейін анасының үйінде бауырларымен бірге 3 отбасы тұрғанын айтады.

Салтанат Ахметова, баспана иесі:

3 отбасы болған соң үйге де сыйыспайтын кезіміз болады. Бала-шаға бөлек жатқысы келеді, оған мүмкіндік болмайды. Аллаға шүкір! Енді өздерінің бөлмелері болады. Қуанышымыз қойнымызға сыймай тұр. Қолбалжып тұрмын.

Сауапты істің басында жүрген түлектер ана мен баланың қуанышын көргенде бойыңды қуаныш сезімі билейтінін айтады. Олар баспананы шын мұқтаж жанға беру үшін көп ізденген. Осы жолда ұйымшылдық танытқан барша сыныптастарымызға ризашылығымды білдіремін,- дейді.

Роман Майғазиев, түлек:

Біз басында келіскеніміз осыған лайықты адамға берілсін. Бұрушылық болмасын деген келісім болды. Сондықтан осы отбасын таңдадық. Ол кісілер лайық болды. Жағдайына қарадық, басқасына қарадық. Біз осыдан бір жыл бұрын іргеасынан бастап кірістік. Әр жылғы түлектер жылда үй салып отырса, қаншама отбасы баспаналы болар еді. Үйсіз адам болмаса деген ой болды бізде.

Игі іске куә болған аудан ақсақалдары түлектерге батасын берсе, ел ағалары ризашылықтарын жеткізіп, алғыс айтты. Аудан тұрғындары игі дәстүр ауданда бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқанын айтады.

Мұхит Тұрысбеков, Созақ ауданының әкімі:

Мұқтаж азаматтарға жылда бір үй беру дәстүрге айналған. Мұны 4-5-үй деп жатыр. Құр өзіміз жиналып, той-тойлап , қуанып кеткеннен гөрі осындай бір азаматты бала-шағасымен қуантсақ, сонда бір үлкен жұмыс бітіргендей қайтамыз деп айтып жатыр. 

Жалпы Созақ ауданында осыған дейін түлектер мен демеушілер есібінен баспанаға зәру 10-нан аса отбасы үйлі болған. Биығы оқу жылында Созақ ауданында 938 оқушы мектеп бітірді. Оның 902-сі Ұлттық бірыңғай тестілеуге өтініш берген. Ал 59 оқушы «Алтын белгі», 67 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. Сондай-ақ биыл мектеп бітірген оқушылар саны рекордтық көрсеткішке жетті. 3 597 159 оқушысы үшін соңғы қоңырау соғылды. Бұл – оқушылар саны бойынша соңғы 20 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Олардың басым көпшілігі Алматы мен Түркістан облыстары және Алматы қаласында тіркеліп отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш