Рестораторлар Мемлекет басшысына хат жолдады

Кәсіпкерлер өздерін қайтарылатын қосымша құн салығынан босатуды сұрайды. Пандемияда олардың шығыны 10 млн теңгеден асқан. Жаңа салық енгізілер болса, елдегі қоғамдық тамақтану орындары тығырыққа тіреледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Пандемияға дейін елде 95 мың қоғамдық тамақтану орны халыққа қызмет көрсетті. Қазір олардың саны 60 мыңнан сәл асады. Қарызға батқаны бар, шығыны шаш етектен асқаны бар, әйтеуір, нарықтан амалсыз кетіп жатқаны көп. Кәсіпкерлер негізсіз тексеруден босатылған. Алайда 2025 жылға дейін бөлшек салықты төлеуге міндетті. Десе де кірістің 3%-ін алатын оңайлатылған салық режимі мен корпоративтік табыс салығы оларға тиімдірек. Ал қосылған құн салығына көшкенде жылдық айналым 61 млн теңгеден асатын болса, түскен табыстан түк қалмайтын түрі бар. Бірнеше есепшіні ұстау да олардың қалтасын қағады. Қазір қоғамдық тамақтану орындарында 2 млн-ға тарта қазақстандық еңбек етіп жүр. Қауымдастық төрағасының кеңесшісі Вероника Нұрпейісованың айтуынша, мәселеден бүкіл орган хабардар. Әзірге нәтиже жоқ. Ендігі үміт Мемлекет басшысында.

Вероника Нұрпейісова, ҚР Қауымдастық төрағасының кеңесшісі:

Ешқандай шара қолданбасақ, кәсіпкерлер бөліне бастайды. Жыл соңында олардың көбейгенін еститін боламыз. Статистика үшін бұл жақсы шығар. Бірақ оның пайдасы шамалы. Бір ғана қоғамдық тамақтану орнында қазіргідейі 3-4 емес, 7-8 заңды тұлға тіркелуі мүмкін.

ШЕТЕЛГЕ ҚОНЫС АУДАРҒАН САЛЫМШЫЛАР КӨБЕЙДІ

Жыл басынан бері бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы салымшылар саны 6 мыңға кеміді. Шетелге көшіп кеткен қазақстандықтар 17 млрд теңгеге жуық қаражатын шешіп алған. Былтырғы алғашқы жарты жылдықта бұл сома 10 жарым млрд теңгені құрады. Ал қоныс аударғандар 2000-ға азайды. Шетел асқандардың дені Ресейді таңдаған. Бестікке Германия, Польша, Беларусь, Түркия кіреді. Сәйкесінше, салымшылардың шотына төлемдер түрлі валютада жүргізілген.

Мысалы 900-ге жуық адам төл теңгені дұрыс көрген. Оларға 2,5 млрд теңге аударылды. 5000 адам жинағын Ресей рублімен алуға ниет білдірген. Олардың шотына 13,2 млрд теңге түсті. 145 салымшы ақшасын доллар түрінде алуға өтініш білдірді. Оларға 840 млн теңге жөнелтілген. Жинағын еуромен алған 61 азаматқа 240 млн теңге аударылды.  Ұлыбритания мен Румынияға көшкен 4 адам 200 мың теңгені фунт стерлинг түрінде алды.

БАСҚАРУШЫ КОМПАНИЯЛАРҒА 8,7 МЛРД ТЕҢГЕ АУДАРЫЛДЫ

Жалпы елдегі азаматтардың зейнетақы активтері 13 трлн теңгеге дейін қысқарған. Инвестициялық кірістілік 137 млрд теңгеге жуықтады. Қазір ұлттық банктің сенімді басқаруында 12,9 трлн теңге жатыр. Жыл басынан бері өтініш берушілердің арнайы шоты мен жеке компанияларға 814 млрд теңге аударылды. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан басқарушы компанияларға 8,7 млрд теңгеге жуық қаражат жөнелтілген. Орташа сома – 1,5 млн теңгеге тең. Мамандар басқарушы компанияларға аударылған қаражат жүйеден шығарылмайтынын айтады. Ол инвестицияға түседі. Ал депутаттар «зейнетақы аннуиті бойынша келісімге қол қойған салымшыларға шекті мөлшерден артылған ақшасын пайдалануға мүмкіндік беру керек" дейді. Экономист Бауыржан Ысқақ ақшаның айналымға түскені дұрыс деген пікірде.

Бауыржан Ысқақов, экономика ғылымдарының кандидаты:

Депутаттар тарапынан түсіп жатқан ұсыныстың өзі жағымды деп айтуға болады. Өйткені ақша экономикада айналысқа түсуі керек. Ол бір жерде тиімділік әкелмейтін болса, оны алып, оны тұрғын үйін жөндеуге, денсаулығын түзеуге жұмсағанның өзінде де соңғы тұтынушы, яғни салымшы одан ұтпаса, ұтылмасы анық. Сол үшін бұл өте қажетті нәрсе. Өйткені сол арқылы да қаншама адамдардың заңмен рұқсат берілетін болса, ол тұрғын үйге қосымша серпіліс беретін тың жағдай.  

Авторлары: Мерей Мұратханқызы