БҚО-да қант саудасына шектеу қойылды  

Оралда қанттың келісі 600 теңгеге дейін шарықтады. Оның үстіне тапшы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Супермаркеттерде шектеу қойылып, әр тұтынушыға өлшеп береді. Тауық етінің бағасы да өскен. Алайда ет қоры жеткілікті. Тіпті тұрақтандыру қоры уақытында саудаға шығарып үлгермей, 20 тонна ет шіріп кеткен. Орал тұрғынының түсірген вайны әлеуметтік желіде тез тарап кетті. Көп қаралым жинауын кездейсоқтық деуге де болмайды. Әзілдің астарында бағасы шарықтаған нарық жатыр. Шаһарда қазір қант табу қиын. Тапқан күннің өзінде құны қалтаны қағады. Видео авторы Мұхтар Өтесов қыста әлеуметтік азық-түлік бағасын бақылайтын мониторингтік топ құрамында да болған. Сол кезде салада сыбайластық барын байқағанын айтады.

Мұхтар Өтесов, блогер:

Азық-түлік бағытын айтатын болсақ, енді күннен-күнге қымбаттап жатыр. Нан да, бәрі де қымбаттап жатыр. Ретке келтірмесе болмайды. Сол жерде өздері қолдан істеп отыр. Жемқорлықтың бәрі сол кеденде жатқан.

Геосаяси жағдайға байланысты Ресей қант экспортына тыйым салғалы аймақта қант тапшылығы байқалды. Сала мамандары енді отандық кәсіпорындармен келісім жасалғанын мәлімдеді. Алайда қажеттілікті толық жабу қиынға соғып тұр. Қазір сауда желілерінде қант әрбір тұтынушыға 2 келіден артық берілмейді.

Көтерме сауданың өзінде 500 теңге дейді қанттың бағасы. Алдым алдында, бірақ енді онда аз береді. 2 килограммнан береді.

Қанттың бағасы өте қымбат. Барған жерлерде, дүкендерде бар. 500 теңге. Окорочканы базардан алам тек. Базардан 680 тг. Бағаны күннен-күнге көтереді.

Түсірілім барысында жақын маңдағы ірі супермаркеттің біріне кірдік. Алайда келілеп сатылатын қант таппадық. Сөреде тек қораптағы түйір қант бар. Ал оның бағасы 996 теңге.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

Біз жаңа ғана барған супермаркетте өлшемелі қант болмады. Енді орталық базарға келе жатырмыз. Тұтынушы ретінде тауардың бар-жоғын сұраймыз және бағаны анықтап көреміз.

Байқағанымыздай, базарда да қант тапшы. «Сауда нүктелеріне таңмен тауар жеткізілгенімен бірер сағатта таусылып қалады», – дейді сатушылар.

Жұмагелді Батырниязов,  БҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:

Мысалы, жиырмаға жуық супермаркеті бар. Соған шығарады да, күнделікті мөлшермен соны сатып отыр. Себебі барлық секерді бір мезетте шығарып, таңертең кешке дейін сатқан жағдайда ол бір-екі күнде бітіп қалуы мүмкін. Шамамен күніне 5-10 т айналасында бүкіл супермаркеттерге шығарады. Қазір зауыттармен келісім бар. 140 т аптасына бізге жеткізіп отырады секерді. Қазір 476 тоннаға біздің жеткізушілеріміз алдын-ала қаражатын аударып қойды зауыттарға. Қант бар 500, 550, 600 теңгеге дейін сатып отырған жерлер бар. 700 теңгенің болғанын көрмедік.

Ал тауық еті сауда орындарында жеткілікті. Тек оның бағасы қымбаттап барады. Супермаркеттерде 1450 теңгеден сатылып жатыр. Тұрақтандыру қоры  жергілікті нарықты реттеу үшін 15 млн теңгеге тонналап тауық етін алған. Алайда жауапты қызметкерлер тауарды сауда нүктелеріне уақтылы таратып үлгермеген. Ақыры аяғында 20 тонна өнім қоймада тұрып, шіріп кетті. Салдарынан 10 млн теңге шығын болған. Залал көлемі «Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өз есебінен өтелген.

Мейірбек Нүркен, «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ басқарушы директоры:

– Нарықта тауық еті бағасы көтерілген жоқ. Біздер сол үшін сақтап отырдық, енді нарықта көтерілмегендіктен. Біздің сатып алынған баға жоғары болды. Сақтау мерзімінен уақыты өтіп кетті. Соған байланысты біздер бұларды жергілікті кәсіпкерге, яғни, костная мука дейді, соған переработкаға жібердік толықтай.

Аймақта өзге де әлеуметтік азық-түлік бағасы жұртты алаңдатып отыр. Ал үміт артып отырған тұрақтандыру қорындағы мына жағдай тұрғындарды тіптен қажытып жіберді. Жұртшылық биліктен нарықты реттеу шараларын ширатуды сұрап отыр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов