Қарағанды облысындағы ауыл тұрғындары өз күшімен ішкі жолдарды жөндеп алды

Қарағанды облысындағы ауыл тұрғындары өз күшімен ішкі жолдарды жөндеп алды

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Бақты ауылының тұрғындары өз күшімен ішкі жолдардың барлығын жөндеп, елді мекенге кіре берістегі қақпаны қалпына келтірген.

Алпыс жылдық тарихы бар ауылда осы күнге дейін мешіт те болмаған. Оны да жылу жинап салып алыпты. Енді спорт кешенін тұрғызсақ, дейді олар.

Ауыл жұртының ауызбіршілігін одан әрі арттыру үшін мұнда алғаш рет ауыл күні өтті. Ұлттық ойындардың бірнеше түрінен жарыс ұйымдастырылып, оған облыстың түкпір-түкпірінен атбегілер, спортшылар жиналды. Әуелі жігіттер жағы арқан тартып жарысса, қыздар 3 шақырым қашықтыққа жүгірді, ал атан жілік азаматтар қошқар көтерді. Халықтың делебесін қоздырған аламан бәйгеде Теміртаудан келген арғымақтың бағы жанып, бас жүлдені иеленді. Бұл күні тағайындалған 2 миллион теңдеген астам жүлде қорының барлығын ауыл азаматтары жинаған. Мерекеде «Бақты - бақ мекенім» деген жаңа әннің тұсауы кесілді. Оның авторы Арқаның ақиық ақыны Мирас Асан. 

Болат Асан, Бақты ауылының тұрғыны:

- Ұлттық бірлік жолында ауыл күнін атап өтуді алдымызға мақсат тұттық. Сол мақсатымызды жақсы орындау барысында ауыл азаматтары әсіресе ауыл ішін абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Көшелерге тас төселіп, олар автогрейдерлермен тегістеліп, жол әжептәуір жөнделді. Бұзылып қалған үйлер, нысандарды тазалап, әруақтар жатқан қорымның маңайы тазаланып, көптің күшімен жүзеге асты.