Павлодарда ескерткіштер ескіре бастады

Павлодарда ескерткіштер жауын-шашынға шыдас бермей, бүліне бастады. Сондықтан жергілікті тұрғындардың өтінішімен комиссия құрылып, тарихи-мәдени нысандардың жағдайы тексерілді. Олқылықтар анықталып, жөндеу жұмыстары жүрді.

Шоқан Уәлиханов пен Григорий Потанин ескерткіші Қазақстан мен Ресейдің достығына арналып, 10 жыл бұрын қойылды. Кейін нысанның мәрмәр тастары үгітіліп, сына бастады. Қазір мамандар тобы жөндеу жұмыстарын бастады. 

Батырхан Жәкеш, мердігер ұйым өкілі:

- Жұмыс осы жұманың басында басталды. Біз ескерткіштердің мрамор тастарын ауыстырамыз. Жанындағы сынған тастарын ауыстырамыз. Жұманың аяғына дейін бітіреміз деген ойдамыз.

Монументалды ескерткіштердің жағдайы бақылауға алынды. Тексеріс жұмыстары жылына бірнеше рет жүргізіліп, хаттама толтырылады. Кем-кетігі болса, жөндеу жүргізіледі. 

Мамандардың айтуыша, бұл шара көктем сайын жүргізіледі.

Салтанат Әкімбекова, Павлодар қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

- Комиссия мүшелері ескерткіштерді көріп шықты. Әр объект бойынша хаттама құрылып, қираған тұстары туралы ақпарат жиналды. Мамандар тобы нысандардың басым бөлігінің жағдайы жақсы деген байламға келді. Бірақ, жөнделуі тиіс ескерткіштер тізімі жасалды.

Ақмарал Есімханова, тілші:

– Павлодар қаласында мемлекет қарамағына жататын 40-тан астам тарихи-мәдени нысан бар. Олардың жағдайы жыл сайын тексеріледі. Осы жылы жүргізілген мониторнгтік тексеру барысынды 10 шақты ескерткіш жөндеуді қажет ететіні анықталды. Олардың қатарында 10 жыл бұрын ашылған ашаршылық құрбандары ескерткіші де бар.

Тұрғындардың айтуынша, тарихи-мәдени ескерткіштердің сыртқы келбеті көңілге қонғанымен, айналасындағы аумақ күтімсіз жатыр. 

БЛИЦ

- Ескерткіштердің жағдайы жаман емес. Бірақ, айналасындағы кеспетастар, жолдар мен тротуарларды жаңартып отыру керек. Абаттандыру жағына көңіл бөлінсе екен

- Ескерткіштер – қаламыздың көрікті орындары. Бірінші кезекте келер ұрпақ тәрбиесіне қажет. Балаларымыз нысандарды көріп, елімізді ңдамуына үлес қосқан тұлғалармен танысады. Олар туралы білулері керек.

- Ескерткіштер ол біздің тарихи мүддеміз. Оларды күтіп, жөндеу керек. Бұл біздің міндетіміз деп ойлаймын. Соны қарап, жөндеп жүрсек, жақсы, әдемі болады.

Ескерткіштерді жөндеу науқанына бюджеттен 10 млн теңге бөлінген. Жұмыстар мамыр айының соңында аяқталады.

Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков