ШҚО-дағы бес ауылда ғаламтор жоқ

Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданындағы 5 ауылда интернет атымен жоқ. 1 жарым мыңға жуық тұрғын ұялы байланыссыз өмір сүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті әкімдік өкілдерінің айтуынша, биыл елді мекендерге антенна орнатуға  9 миллион теңге бөлінген. Вероника Котова 3-сыныпта оқиды. Ол үй тапсырмасын кәдімгі қағаз күнделікке жазып алады. Өйткені интернеттің жоқтығынан электрондық күнделікті пайдалана алмайды. Ауылда ұялы байланыстың өзі нашар. Сондықтан интернет ұстайтын жерді іздеп жүруге мәжбүр.

Александр Котов, Қара-мырза ауылының тұрғыны:

– Байланыс ұстау үшін шатырға шығамыз. Жиенім 3 сыныпта оқиды. Осы уақытқа дейін күнделік қолданып көрген жоқ. Өздеріңіз білесіздер, карантин уақытында сабақты қашықтан өтті. Ол кезде мүлде оқыған жоқ десе де болады. Әкімдік интернет болады дегеніне 3 жылдан асты.

Қазіргі таңда бес ауылға интернет желісі тартылмаған. Ал қалғандарында ғаламтордың жылдамдығы секундына 8 мегабаит қана. Сондықтан Башкөл ауылының Қазпошта бөлімшесіне жерсерік құрылғысы қойылған. Алайда одан да пайда жоқ.

Фаузия Хузина, Башкөл ауылының тұрғыны:

– Таңертең 9 болмай тұрып, адамдар несиесін, су, жарық төлемдерін төлеуге, зейнетақы алуға келеді. Хат, сәлемдеме жолдаймыз. Алайда интернет жәй болғандықтан, көп шаруа атқарылмай қалады.

Алмас Тастанбеков, Бесқарағай ауданы әкімінің орынбасары:

– Ең бірінші кезекте Қара-мырза ауылында интернет желісін тарту жоспарланып жатыр. Антенна-мачтық соружение дейді, АМС деп айтамыз. Сол бойынша қазір жер актілері рәсімделіп, жұмысы биыл басталып, мобильдік байланыс биыл орнатылатын болады. 3 елді мекенде Башкөл, Мороз лесхоз, Қоянбай ауылдарында қазіргі таңда сметалық-құжаттама әзірлеуге конкурс жүргізіліп жатыр. Конкурс аяқталған соң жобалық-сметалық құжаты дайындалып әзірленетін болады.

Жобалық-сметалық құжат дайындау үшін жергілікті қазынадан 9 миллион теңге бөлінген. Конкурс біткеннен кейін ғана бюджетке өтінім жіберілмек. Оған дейін тұрғындарға тағы да күтуге тура келеді.

Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Әсем Өтешова, Медет Өміранов