Қостанай облысында көктемгі егіс аяқталуға таяу

Меңдіқаралық шаруа Бақытжан Кәрімов биыл берекелі өнімнің негізін қалау үшін барынша қам жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Топыраққа су бойлап сіңсін деген мақсатпен күзде танабының жартысынан астамын тереңдетіп жыртып шыққан. Одан кейін ылғал жабуға да ерекше ден қойды. Биыл алғаш рет тыңайтқыштарды да қолданып көрмек. Бірақ қалай дегенменде ауа-райының қабағын аңдыған диқанның көңілі алаң.

Бақытжан Кәрімов, шаруа қожалығының жетекшісі:

Биылғы көктем ерекшелеу өзі. Күн деген әлі салқын. Мынау басылмайтын жел. Сосын бір салқын жел келеді де тұрады. Жердің қызуы ойдағыдай емес. Жалпы технологияға әлі жетпеген. Былайша жалпақ сөзбен айтқанда жер әлі піспеген десе де болады. Салқын бірақ енді уақыт келіп қалғаннан кейін біз тұқымды жерге сіңіруге кірісіп жатырмыз.

Ал ұзынкөлдік шаруа Альберт Ризаев негізінен тұқымдық астық өсіреді. Сондықтан егістік алқаптарының күтім-бабы келісті. Барлық агротехникалық шаралар қатаң сақталады. Былтырғы құрғақшылыққа қарамастан бұл шаруашылық гектарынан 18 центнерден өнім алды. Биылда одан кем соқпауы тиіс. Бірақ тәуекелі көп кәсіпте қандай да бір тосын жағдайға дайын болуымыз керек,-дейді.

Альберт Ризаев, шаруа:

Өткен жылы алқаптарымызда жұлдызқұрттар, шалғынды үсақ көбелектер байқалды. Биыл қыс қатты болған жоқ, сондықтан олар топырақта  сақталып қалуы мүмкін. Сол жәндіктердің шабуылына ұрынбас үшін алдын-ала қам жасап, химикаттар сатып алдық.

Ұзынкөл ауданының егістік алқабының көлемі 300 мың гектар. Соның басым бөлігі биыл жазғы құрғақшылыққа ұрына ма деген қауіп те жоқ емес.

Дмитрий Евстафьев, Ұзынкөл ауданы әкімінің орынбасары:

Маусым айында  ауа-райы тиісті нормадан ыстық болады деп болжанып отыр. Тек ауданнның солтүстік бөлігінде Пресьногорков ауылдық округінде жауын-шашын мол болуы тиіс.  Қалған аумақта қанағаттанарлық жағдай. Яғни тиісті нормадан 1-2 градус жоғары. Сондықтан құрғақшылық қаупі бар.

Ал облыс бойынша биыл 4 млн 800 мың гектарға дәнді-дақылдар себіледі. Бүгінде соның 3 млн 800 мың гектарына егіс жұмыстары жүргізілді. Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасындағылар осы аптаның аяғына дейін науқанды толық аяқтаймыз деп отыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг