Талдықорғанда құлагер ақын Ілияс Жансүгіровтің рухына тағзым етілді

Талдықорған жұртшылығы да қуғын-сүргін құрбандарын еске алды. Көпшілік қазақтың құлагер ақыны Ілияс Жансүргіровтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.

Алаш қайраткері 1894 жылы қазіргі Алматы облысының Ақсу ауданында дүниеге келген. Ташкенттегі екі жылдық мұғалімдік курсты бітірген соң туған ауылында бала оқытты. Кейіннен Қазақ ағарту институтының меңгерушісі болды. «Еңбекші қазақ» газетінде еңбек етті. Қазақстан жазушылар одағы ұйымдастыру комиссиясының төрағасы қызметін атқарды. Бұл жауапты қызметтермен қатар Ілияс Жансүгіров өз шығармашылығын дамыту арқылы ұлт руханиятын өркендетуге атсалысты. Өкініштісі сол, жазықсыз қудаланып, 1937 жылы, яғни 44 жасында қызыл империяның құрығына ілінді. 

Нұрпан Жансүгірова, І. Жансүгіровтың туысы:

- Әкем марқұм айтты ғой маған бәрін, түн ішінде үш адам «Ілияс қайда» деп келді де алып кетті. Кітаптарын алып жағып, бәрі жылап еңіреп қалыпты. Қандай жақсы, қандай білімді, қандай ақылды адамдар кетті ғой. Ілияс сияқты. Ілияспен бірге жүрген Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин үшеуі бір жүретін жолдас болған екен. 

«Қазақтың құлагер» ақыны ату жазасына кесілген соң тек 1957 жылы ақталды. Оның есімі облыс орталығындағы көшеге, туған жеріндегі елді мекенге, жоғарғы оқу орнына берілген. Өмірі мен шығармашылығы жас ұрпаққа жан-жақты дәріптеліп жатыр. Десе де, әлі де зерттеуді қажет ететін дүниелер көп.

Мұратбек Иманғазинов, ілиястанушы:

- 1992 жылы І.Жансүгіровтің Жаңалық жерінде жерленгені туралы ақпарат шықты. Ал сол ақпарат туралы зерттеу жүргізілгенде ол жерде екі жарым мың адам жерленген. Ол кісі сол жерде жерленгенімен бірақ нақты қайда екенін біз нақты айта алмаймыз. Ілияспен бірге Бейімбет Майлин, қазақтың атақты драматургі Жұмат Шанин жатыр.