Созақ еліміз бойынша кеңестік жүйенің озбырлығын ең көп көрген өңірдің бірі

Созақ өткен ғасырда еліміз бойынша кеңестік жүйенің озбырлығын ең көп көрген өңірдің бірі. Мал-мүлкі талан-таражға түсіп, түрлі салықтан әбден қажыған халық cол жылдары бас көтерді. Тарихта «Созақ көтерілісі» деген атпен қалған қанды қырғын бостандыққа ұмтылған елдің жанайқайы еді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Созақ қасіреті мемориалында» көтеріліс құрбандарын еске алу рәсімі өтті.

20-ғасырдың 1930 жылдары компартияның іске асырған зорлық саясаты халықтың ашу-ызасын тудырып, ұлттық намысты оятты. Қазақ даласының әр аймағында толқулар болды. Сондай ірі көтерілістің бірі 1930 жылдың 7-16 ақпанында Созақ өңірінде де болған еді.  

«Бұл ұжымдастыруға қатысты солақай саясаттың шектен шыққан сорақылығы мен зардабын әбден тартқан, аяусыз қаналған халықтың наразылық үні еді», - дейді ауыл ақсақалдары. 

Абдулла Ижанов, Созақ ауданының тұрғыны:

- Еркін жатқан елді барып кәмпескелегенде намысына тиіп, «әй, бүгін маған қозыны сүтке пісіріп әкеліп бер, жігіт көрмеген қызды қойныма салып бер» деген әңгіме шығарған. Міне соған шыдамаған біздің халық көтерілді. Егерде олар өйтпегенде көтеріліс болмайтын еді. Көтеріліс кезінде ешқандай қару-жарақ жоқ. Тек қылыш, балта, найза, жалаң қолмен ұрысқан. Зеңбірекпен, толық қарумен келген қызылдың әскері халықты қырып тастаған.  

Тарихшылардың айтуынша, көтеріліс тек Созақ өңірін ғана емес, тұтас Сырдария аймағын түгел қамтыған. Оған 5 мыңға жуық адам қатысқан. Созақ көтерілісімен саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарына арнап ашылған қасірет мемориалы - ұлт тарихындағы ақтаңдақтар мен қыршын кеткен боздақтардың есімін ұлықтауда өскелең ұрпақтың рухани орталығына айналмақ. Мұнда ұлт көтерілісі мен ашаршылық кезеңі көрініс тапқан. Ал бұған қатысты жәдігерлердің дені облыстық мұражайда сақталған.

Мақсат Қарғабай, жазушы, өлкетанушы:

- Созақ ауданында ақталған адамдардың тізімі 7,5 мыңнан асады. Әлі оның қаншамасы бар. Бізде Түркістан облыстық мемлекеттік архивте жұмысшы тобы бар. Осы қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарды, оның ішінде байлар мен молдалар бар. Осы жақтарын көбірек іздеп жатырмыз қазір. Іс-шараларды міндетті түрде 31 мамырға жақындағанда емес, жыл бойына жүргізіліп отыру керек. Насихат жұмысын жүргізіп жатқан осы С.Қожанов музейі. Мұнда күніне 130-150 оқушы келеді. Соларға Созақ өңірі туралы танымдық кітапшалар шығаруды дайындап жатырмыз

Тарихшылардың мәліметінше, өткен ғасырдың 30-жылдары Түркістан аймағында 100 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, олардың төрттен бір бөлігі атылған. Олардың арасында белгілі қоғам қайраткерлері, әскерилер, жазушылар мен имамдар да бар.

Тарихшылардың айтуынша, өткен ғасырдың 1929-1931 жылдары елімізде кеңестік жүйеге қарсы 350-ден аса бұқаралық бас көтеру болған. Басып жаншылған толқулар туралы деректер еліміз егемендік алғанға дейін аса құпия құжат ретінде сақталып келді.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов