Қызылорда-Павлодар бағытындағы келеңсіз жайт: теміржолшылар жазаланды

Қызылорда-Павлодар бағытындағы келеңсіз жайт: теміржолшылар жазаланды
Liter.kz

Бағдаршамның тыйым салатын белгісінен пойыздың өтіп кетуі нәтижесінде Қызылорда-Павлодар бағытындағы жеке жолаушылар құрамының бір вагоны жолдан шығуы бойынша мұқият тексеру жүргізілді.

Бұл туралы «ҚТЖ» ҰК» АҚ мәлімдеді. Оқиға осы жылдың сәуір айында Сексеуіл – Қоскөл жол учаскесінің Абай станциясында болған.

«Тексеру барысында локомотив бригадасының еңбек міндеттерін тиісінше орындамағаны, теміржолдарды техникалық пайдалану ережелерінің және теміржол көлігінің қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ететін нұсқаулықтардың талаптары сақталмағаны анықталды», – делінген мәліметте.

Естеріңізде болса, осы оқиғадан 300-ден астам жолаушының өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ пойыздар қозғалысы қауіпсіздігіне, тасымалданатын жүктердің, багаждың сақталуына қатер төнген болатын.

«Аталған жағдай бойынша 8 қызметкер мен 5 басшы, оның ішінде «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС басшылығы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сексеуіл локомотив пайдалану депосының локомотив бригадасымен (машинист және машинист көмекшісі) еңбек шарттары бұзылды», – деді компаниядағылар.

Сотқа дейінгі тергеу органы бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғады.