Шымкентте саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым етілді

Шымкент халқы да бүгін «Қасірет» мемориалына барып, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды. Өткен күнге салауат айтып, жазықсыз жапа шеккен бабалар рухына тағзым етті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасы бір минут үнсіздікпен басталды. Қала әкімі мен зиялы қауым өкілдері «Ана мен бала» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Бұл жылдағы дәстүр. Мемлекет басшысы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде» Жарлыққа қол қойғаннан кейін боздақтарды ақтау ісі жанданды. Арнайы құрылған комиссия өкілдері архив беттерін ақтарып, зерттеу жұмыстарын әлі жүргізіп жатыр. Себебі «ерлердің алдындағы борышты өтеу, азаматтық міндетіміз» дейді олар.  

Шыңғыс Мұқан, қала әкімінің бірінші орынбасары:

– Шымкент қаласы бойынша да комиссия құрылып, бір жылдан астам уақыт жұмыс істеп жатыр. Қазіргі таңда 6 мыңға жуық архивтерде жатқан құжаттарды ғалымдар зерттеп, бұрын 90 жылдары ақталмаған азаматтарды қайтадан тауып, республикалық комиссияға жолдауға дайындалып жатыр. 

Әділбек Сұлтановтың атасы түрлі қызметтерді атқарып, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған. 1937 жылы сол кездегі Қызылқұмда қуғынға ұшырап, қамауға алыныпты.  Бүгінгі еске алу шарасына ерекше ризашылығын білдірді.  

Әділбек Сұлтанов, қуғын-сүргін құрбанының ұрпағы:

– Бәріміз мынандай іс-шара болмаса да, осы жерге келіп құран оқитын едік. Мен қазіргі күндегі мынандай жұмыстарға өте ризамын. Солардың рухтарына бағышталған барлық әрекеттерге ризамын. Алла разы болсын.

Репрессияның екі жарым мыңдай құрбаны жазықсыз атылған орында қазір «Қасірет» мемориалы тұр.  Құрбан болған боздақтарды еске алуға арналған «Темір тор», «Қара гранит тас» сияқты ескерткіштер қойылған.  

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов