Кегендегі құрылыста көзбояушылық көп – Алматы облысы

Кегендік тұрғындар ауданда талай жоба қолға алынғанмен, көзбояушылық көп дейді. Мәселен, аудан орталығындағы арық жүйесі мен ауыл ішіндегі көшелерді жөндегенде өрескел кемшілік көп болса да, жобалар қабылданып кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұқара «Алматы – Кеген – Нарынқол» тас жолын жөндеп беруді сұрап, талай арызданған. Бірақ әзірге еститін құлақ жоқ.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

Ауыл белсенділерінің айтуынша, осыдан 2 жыл бұрын Кегенге арық тартылған. Оған бюджеттен 56 млн теңгеден астам қаржы бөлініпті. Бірақ содан бері ауылға су бармаған. Ағаштар болса қурап жатыр. Міне, тоғанның басына да келдік, бұл жерде ешқандай су жоқ.

Нәби Сатылғанұлы, ауыл тұрғыны:

Бұл жерде суды қабылдайтын орын жасалынбаған. Аспанда тұр, оған су қалай барып кіреді? Мына орталары қосылып, мына жерден суды бөлетін орын жасалынуы керек. Бұл жоқ.

Арыстанбек Тұрлыханов, ауыл тұрғыны:

– Дұрыс салынбаған ғой. Қайтып жасады, білмеймін. Оны енді жасаған мердігер жауап беруі керек қой былай айтқанда.

Кеген ауылын абаттандыруға арналған арық жүйесі «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша іске асырылған жоба. Арықтың жалпы ұзындығы 4,3 шақырым. Соның 3,4 шақырымы ағымдағы жөндеуден өткен. Екі жылдан бері су көрмеген арық бүгінде қоқыс тастайтын және оны өртейтін орынға айналған. Кегеннің тап орталығындағы көріні осы. Аудандық әкімдіктегілер аталған жобаны жүзеге асыру барысында кемшілік кеткенін мойындады.

Бек Әбдіманапов, аудандық ТҮКШ ЖКАЖТИ бөлімінің бас маманы:

Кемшіліктер бар. Ол мекеме осы бір айдың ішінде, көлемінде кеткен кемшіліктерді қалпына келтіріп береміз деген сенімде. Қазіргі таңда жұмыстар жүргізілуде.

Тұрғындардың ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстарына да көңілі толмайды. Мердігер көшені асфальттағанымен, жол жиегіне тиісті материалдарды төсемей кеткен.

Арыстанбек Тұрлыханов, ауыл тұрғыны:

Енді гравий төсеу керек еді жолдың шетіне жаңа өздеріңіз көргендей. Бұл жерге сары балшықпен араластырып әкеп, бәрін төсеп кетті. Оны да төсегенде де, міне, көріп тұрсыздар. Мынандай-мынандай болып, тегістеген жоқ ешқандай. Көшелердің бәрі осындай болып жатыр.

Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы «мердігерді сотқа бердік, олар жол жиектерін бір айдың ішінде қалпына келтіреді» деген мәліметті алға тартты. Аудан орталығынан ауылдарға апаратын жолдар мен «Алматы – Кеген – Нарынқол» республикалық тас жолы да сын көтергісіз күйде.

Бақытнұр Үсейін, ЖҮРГІЗУШІ:

Шұңқыр-шұңқыр жолдың бәрі. Жылда жамау-жамау. Мынау Қонаев атамыздан бері қарай үлкен кісілер айтып жатады жол әлі жасалған жоқ деп. Осы екі ауданның зары жолымыз болып тұр бұл жерде.

Асқар Әбдірешұлы, жүргізуші:

Әкімдер қай жаққа қарайды? Мынау шет аймақ, алыс аудан. Жол нашар. Жолын жасап, жолына көмектессе екен. Депутат ағалардан, әкім ағалардан көмек сұраймыз сондай.

Бұл республикалық тас жолды жөндеу жұмыстары өткен жылы басталғанымен, күннің күрт сууына байланысты тоқтап қалды. Билік өкілдері тапсырыс беруші мен мердігер компанияның жол құрылысын жақында қайтадан қолға алатынын айтты. Ауданда биыл «Алғабас – Жіңішке», «Кеген – Жалаңаш», «Жылысай – Кеңсу және Күрметі» бағытындағы жолдар жасалады.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев