Ұлт болып қайғыра алмаған халық, ұлт болып қуана да білмейді – С.Елубай

Алматылықтар «Ана» ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Қилы заманды сипаттайтын қола мүсін 2017 жылы «Қарағайлы» бағында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ашылған болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Зерттеушілердің пікірінше, осы жерде 30 жылдары Ішкі істер халық комиссариатының жертөлелері орналасқан. Алматыда таңертеңмен нөсер жауғанына қарамастан, гүл қою рәсіміне адам көп келді. Іс-шараға саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының ұрпақтары, зиялы қауым мен қоғам өкілдері және Алматы әкімі Ерболат Досаев қатысты. Олар қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Нәубет жылдары халық саны 3 миллионнан астам адамға азайып, еліміздің 100 мыңнан астам тұрғыны саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды.

Ыдырыс Аяп, қала тұрғыны:

Кешегі сол жылдарда Алаштың ардақты ұлдары, аталарамыз сол репрессия құрбандары болып кете барды.

Әстерхан Сәрсенбаева, қала тұрғыны:

Мамам өте қатты өкінетін, менің қолымнан ешнәрсе келмеді ғой деп. Бір жерге барса, есік жабылып, халық жауының әйелісің, әрмен жүр деген сөздерді естіген екен.

Іс-шараға қатысушылар саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті. Қайғылы оқиғаларды есте сақтап, одан сабақ алу парыз. Аштықтан талықсып жатқан баласын соңғы демі қалғанша көтеріп келе жатқан ананың ескерткіші де соны меңзеп тұрғандай.

Смағұл Елубай, жазушы:

Ұлт болып қайғыра білмеген халық, ұлт болып қуана да білмейді. Ендеше жылына бір күн ғана біз осы жоқтаусыз кеткен жарты халықты жалпы халық болып жоқтауымыз керек деп ойлаймын.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні 1997 жылдан бері аталып өтеді.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Әбен Нарынбаев