Елімізде жыл сайын 18 мыңдай тұрғын темекіден көз жұмады

Елімізде жыл сайын 18 мыңдай тұрғын темекіден көз жұмады

Республика бойынша 3 миллионға жуық адам шылым шегетін болса, соның 36%-і ер, 6 %-і әйелдер екен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның салдарынан Қазақстанда жыл сайын 18 мыңдай тұрғын көз жұмады. Бұл туралы Қызылордада өткен «Темекі туралы барлық шындық» атты жылжымалы көрмеде айтылды. Шарада жасанды өкпеге түтін жіберу арқылы ішкі ағзаға табак өнімдерінің зияндылығы көрсетілді. Жалпы темекі құрамында 400-ге тарта улы зат бар. Ең қауіпті элемент никотиннің бір тамшысы жұлқынып тұрған асау жылқыны сеспей сұлата алады. Сондықтан «шылымқорлық адамзат үшін денсаулықтың хас жауы» дейді дәрігерлер. Қазір 14 пен 24 жас аралығындағы әрбір оныншы тұрғын электронды темекі мен кальян түтінін будақтатуға құмар. Сол себепті де жүрек-қан тамыр және қатерлі ісік секілді әлеуметтік аурулар көбейді. Одан бөлек темекі өндірісінен жыл сайын 84 мегатонна парниктік газ қалдықтары қоршаған ортаға тарайды. 

Гүлназ Мазқожа, облыстық жастар денсаулық орталығы директорының орынбасары:

– Әлем бойынша 8 млн-ға жуық халық осы темекінің кесірінен қайтыс болып кетіп жатыр. Өз еркімен саналы түрде шылымды қоямын, темекіні тоқтата аламын деген адам бір күнде қойып кете алады. Мысалы, темекіні тоқтатқаннан кейін 3-4 күн ішінде адамда жөтелу, қақырық тастау, яғни өкпедегі шайырлар жәймендеп сыртқа шығару. Көрменің ең алғы мақсаты көрсете отырып, қандай болса да зиянды заттардың алдын-алуға мүмкіндік беру.