Қуғын-сүргін жылдары «ЕрмаковЛаг» жазалау лагері ашылған – ШҚО

Шығыс Қазақстан өңірінде де саяси қуғын сүргінге ұшырағандарды жазалау лагері жұмыс істеген. Бірақ ол жайында дерек аз. Бұл туралы бүгін Өскеменде өткен «Болашақ үшін естелік» атты ғылыми практикалық басқосуда мәлім болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өлкедегі мұражайлар мен мұрағат өкілдері тарихшылар бас қосқан кездесуде саяси қуғын сүргін құрбандары жайлы естеліктер, жаңғырған деректер айтылды. Репрессия жылдарындағы деректер мен мәліметтер терең зерттеліп, ұрпаққа аманат етілуі тиіс. «Болашақ үшін естелік» аттты басқосудың мақсаты да осы. Жалпы саяси қуғын басталған жылдары Қазақстанда 10-нан астам лагерь жұмыс істеді деген дерек бар. Көпшілігіміз Алжир, КарЛаг,СтепЛаг жайлы естігенбіз. Ал Шығыс Қазақстандағы лагерь туралы ақпарат аз. Ол Глубокое ауданында болған екен.

Нелли Краснобаева, С.Аманжолов атындағы «Алтайтану орталығының аға ғылыми қызметкері:

– 1953 жылы дәл осы лагердің атауы ЕрмаковЛаг деп өзгертіліпті. Одан соң ол Өскемен қаласына ауыстырылған. Лагерь жабылған кезде онда 2700-ден астам адам болған деген ақпарат бар.

Жалпы өңірде саяси қуғын сүргін құрбандары бойынша мәліметтерді зерттеп, жазықсыз жазаланған боздақтарды ақтау бойынша 350 адам жұмыс істеп жатыр. Аймақтық комиссия құрамымен 1,5 жыл ішінде 373 қор , 19 мыңнан астам материал қаралған. Азаматтарды ақтау бойынша 1213 дерек орталыққа жіберілді. Биыл да зерттеу жұмыстары жалғасын тапты.

Анар Серғазина, Рухани жаңғыру өңірлік орталығы басшысының міндетін атқарушы:

– Қосымша 113 қор зерделеніп, 6 мыңға жуық іс қаралды.Соныме қатар ақталмаған тұлғалар бойынша 867 жаңа факт, 13 оқиға анықталып отыр.

Тарих қатпарында қалған деректерді топтасырып,іріктеп екшелеу жеңіл жұмыс емес. Ғалымдардың айтуынша, тек орталық шаһарларда ғана емес, шалғайдағы аудандарда да тың жаңалықтар көп болуы мүмкін. Сондықтан алдағы уақыттағы зерттеулерде соған ерекше көңіл бөлу қажет.

Авторлары: Эльмира Ахметова.Жігер Бабаханов