ШҚО-да аманат арқалаған ақсақал бар

Көз жасы көл, қаны су болып аққан ата-бабаның аманатын арқалау үлкен жауапкершілік. Шығысқазақстандық Жеңісбек Кәрібаев Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды еске алу күні үнемі ауыр естеліктермен бөліседі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жазықсыз жазаға кесілген туғандары туралы деректерді бір саралап шығады. Қарияның атасы 5 жыл Қарқаралы түрмесінде айдауда болып, ақыр соңы туған жерінде ату жазасына ұшыраған. Сұм заманның тырнағынан атасының әпке-қарындастары да аман қалмапты. Қара Ертістің жағасындағы 2300 гектар жер Жеңісбек Кәрібаевтың иелігінде. Осында қора-қора қой өсіріп, өрісті малға толтырып отыр. «Саяси қуғынға ұшырап, қаны судай аққан ата-бабамның көз жасының есесін осылай қайтаруыма тура келді» – дейді қария. Атасы Кәрібай дәл осы жақтан «тап жауы» атанып, мыңдаған малы тәркіленді. Соңынан Қарқаралы түрмесіне айдалды. 5 жыл сонда болып, аман есен туған жері Зайсанға оралғанымен, ізіне түскендер түбіне жетпей қоймапты. Ақыры 1930 жылы Зайсан түрмесінде атылған.

Жеңісбек Кәрібаев, Зайсан ауданының тұрғыны:

– Сол кезде бабамыздың мекен еткен жері, көз жасы көл болған,қаны судай аққан жер мынау. Құмды сатып алғанда ел күлді «Неменеге аласың? Құмнан не іздейсің?» деп. Қысы ауыр,жазы маса бұ жерде тіршілік жоқ. Сонда мен осыны ешкімге айта алмап едім.

Атасының 7 бірдей әпке-қарындасы да халық жауының туысы ретінде азапқа ілігіп, екеуі ғана зобалаңнан аман қалды. Сондықтан қара Ертістің бойы қария үшін аса ыстық. Ата-бабасының «айта алмай кеткен аманаты» деп санайды. Солақай саясаттың сойылын соққандар ол жылдары ешкімді аямағаны рас. Әсіресе зиялы азаматтарға көрсетілген зәбір әлі күнге үлкен зерттеуді қажет етеді. Қатонқарағай ауданында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай өткен ғылыми жиында осы туралы айтылды.Ұлт ұстазының есімі ұлықталды.

Айжан Қартаева, филология ғылымдарының докторы:

– Алаш қайраткерлерінің айтып кеткен,салып кеткен еңбектері ашылмай жатқан қырлары өте көп, тарихта әлі ашылмай жатқан жерлері көп, соны біз әрі қарай  ашуымыз керек, зерттеуіміз керек.

Шығыс Қазақстан облысында қазір саяси-қуғын сүргін құрбандарын ақтау ісімен 350 маман айналысып жатыр. Өткен жылы 14 мыңға жуық іс қаралып, әлі ақталмаған 3 мыңға жуық азамат туралы мәлімет табылды. Ал жыл басынан бері 5855 іс зерттеліп, ақталмай қалған 800-ден астам адам туралы ақпарат шықты.

Авторлары: Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов