Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Түркістан қаласына барды

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Түркістан қаласына барды

Мәулен Әшімбаев жергілікті тұрғындармен кездесіп, конституциялық реформаның мәні мен маңызын талқылады. Ал өңірдің зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде ашаршылық тақырыбындағы зерттеу жұмыстарының маңыздылығына тоқталып, тарихи сананы жаңғырту үшін бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін ескертті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жоғарғы палата төрағасы алдымен «Фараб» кітапханасында өңірдің зиялы қауымымен кездесті. Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформаларды жан-жақты талдап түсіндірді. Жиында тарихи сананы жаңғырту мәселесіне де назар аударылды. Сенат спикері бұл ретте соңғы жылдары белсенді қолға алынып, терең зерделене бастаған ашаршылық тақырыбындағы жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

– Ашаршылық тақырыбына арналған жұмыстарды әрі қарай жалғастырудың маңызы зор. Бұл бірінші кезекте тарихи санамызды жаңғырту үшін қажет. Ал тарихи сананы жаңғырту дегеніміз – тәуелсіздікті нығайту, елдікті еңселі ету және ұлттық құндылықтарды дәріптеу жолындағы негізгі қадамдардың бірі. Яғни бұл жұмыстардың артында ұлттық мүдде тұр.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев жиынға қатысушыларды Сенаттың қолдауымен нәубет жылдарға қатысты құнды деректер негізінде құрастырылған 5 томдық жинақпен таныстырды. Жергілікті тарихшылар да ашаршылық тақырыбындағы зерттеулердің маңызды тұстарына тоқталып, өз ұсыныстарын жеткізді.

Хазіретәлі Тұрсын, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

Мен өзімнің ұсынысымды айттым. Мұның ішіне ең маңызды құжаттар енгізілмей қалған. Ол енді сыймай қалған болуы да мүмкін. Бұл алдағы уақытта жалғасуы керек. Мен Ресей архивтерінде көп боламын. Соның ішінде ашаршылыққа қатысты, біздің қолымыз жетпей жүрген ең маңызды құжаттар Ресей Федерациясының Федералдық қауіпсіздік қызметінің орталық архивінде жатыр. Олар өздеріне қатысты құжаттарды жариялады. Ал Қазақстанға қатысты құжаттарды іздеу керек. Алу керек.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушы-профессорлар құрамымен және студенттерімен кездесті. Іс-шарада Президентінің бастамасымен қолға алынған саяси реформаларға тоқталды. Конституцияға енгізу үшін ұсынылған түзетулер мен алдағы референдум еліміздің саяси жүйесін ғана емес, басқа да салаларды дамытуға берік негіз қалайтынын атап өтті. Бұл бастамалардың бәрі Қазақстанды демократиялық, құқықтық, әділетті және әлеуметтік мемлекет ретінде нығайтуға бағытталғанын жеткізді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Конституцияға енгізіліп жатқан өзгерістер, жасалып жатқан жұмыстар, бұның барлығының негізгі мақсаты – мемлекетімізді күшейту, саяси жүйемізді дамыту, халықтың әл-ауқатын арттырып, әсіресе, жастарға барлық мүмкіндіктерді жасау. Өйткені жаңа Қазақстанды әрі қарай жаңа белестерге апаратын сіздерсіздер, оның игілігін көретін ең алдымен жастар. Сол себепті Жаңа Қазақстанды дамыту үшін үлкен қадам жасалайын деп жатыр. Ол үшін жастар өзінің үлесін қосу керек.

Сондай-ақ Сенат спикері қазіргі таңда тек білім алу өмірлік процеске айналғанын, жай ғана сауатты болу жеткіліксіз екенін жастарға түсіндірді. «Дипломым бар деп тоқмейілсуге болмайды. Әрдайым ізденісте болу қажет. Өзіңді үздіксіз жетілдіріп отыру – жетістіктің негізі» екенін жеткізді. Кездесу соңында жастардың сұрақтарына жауап берді.

Бекболат Тілеуберген, Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті:

– Реформаларды жүзеге асыру, жастардың байланысы, коммуникацияны жастармен де нығайту керектігін атап өтті. Алдағы уақытта ел Президенті жастарға ерекше қолдау көрсетіп, жастарға арналған бағдарламаларды көбейту және «Серпін» бағдарламасы туралы әңгімелер қозғалып, алдағы кезде тек ауыл жастары ғана емес, қала жастарын да солтүстікке қоныстандыру сөз болды.

Сондай-ақ Сенат төрағасы Кентау трансформатор зауытының ұжымымен және өңірдегі бір топ әлеуметтік кәсіпкермен кездесіп, саяси реформалардың маңызына назар аударды. Кездесуде аймақтағы өзекті мәселелер, аталған салаға қатысты түйткілдер де жан-жақты талқыланды. Мәулен Әшімбаев айтылған пікірлер мен ұсыныстар тиісті мемлекеттік органдар тарапынан пысықталып, Парламенттің заң шығару жұмысында ескерілетінін жеткізді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов