Қарағанды облысында сапасыз үй құрылысы тоқтатылды

Қарағанды облысында сапасыз үй құрылысы тоқтатылды

Қарағанды облысының Жаңарқа ауданында салынып жатқан сапасыз үйдің құрылысы уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлеуметтік желіні шарлаған бейнежазбадан соң шұғыл тексеріс жүргізген құзырлы органдар осындай шешімге келген. Жергілікті тұрғынның бірі түсірген бейнежазбада үй қабырғасының цементсіз қаланып жатқаны анық көрінеді. Кірпішті бос қоя салған, арасы бос жатыр. Бұл – Жаңарқа кентіндегі «Жаңа Нұр» ықшам ауданында мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқан көпқабатты үй. Құрылысы былтыр басталған, биыл желтоқсан айында тапсырылуы керек. Бөлінген қаражат 454 миллион теңгеге жуық. Енді бұл нысанның кез келген уақытта құлап қалуы мүмкін. Қазір мәселенің мән-жайын анықтайтын арнайы комиссия құрылды.

Айқын Елеусізов, Жаңаарқа ауданы әкімінің орынбасары:

– Бұл комиссия бүгін бас мердігермен және техникалық қадағалау маманымен кездесіп, нысанды толық аралап шықты. Бұдан бөлек, арнайы облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс қадағалау басқармасының мамандары келді. Аталған мемлекеттік орган өз тарапынан қорытынды бере жатар. Дей тұрғанмен біз, арнайы комиссия осы нысан бойынша күнделікті қадағалау жүргізетін боламыз.