Жамбыл облысында әрбір жиырмасыншы шақалақ шала туылады

Сәбилердің өмірі үшін неонатолог дәрігерлер күресіп, барын салады. Қазір бөлім заманауи жабдықтармен толық қамтылған. Сондықтан нәрестені аман алып қалу көрсеткіші артып келеді, дейді мамандар.

Жүктіліктің жиырма төртінші аптасында дүниеге келген Саттардың салмағы небәрі жарты келіден сәл асады. Ол ауруханадағы ең кішкентай шақалақ. Сәби арнайы инкубаторда бірнеше ай жатты. Ал оның тез сауығуына жауапты дәрігер Талғат Толықбаев. Ақ халатты жан осы салада 25 жылдан бері еңбек етіп жүр. Бала кезінен адамдарға қол ұшын созуды армандаған. Сондықтан әр нәрестеге көзінің қарашығындай қарайтынын айтады. Бүгінде оның қамқорлығында 38 нәресте бар.

Талғат Толықбаев, облыстық көп салалы аурухананың неонатология бөлімінің  басшысы:

- Ерте туған нәрестелер 2-3 ай мерзімде  жатып, көмек алады. Сол көмектің арқасында олар салмақ та қосады, өседі. Уақыт өсіреді, соған байланысты 2-2,5 жарым килоға жеткеннен кейін барып, үйге шығаруға дайындай бастаймыз. Анасымен бірге қазір осы бөлімшеде аналармен бірге жұмыс жасаймыз. 

Жамбыл облысында жылына 30 мыңға жуық нәресте дүниеге келеді. Оның ішінде 800-ден астамы шала туылады. Яғни әр 20-баланың салмағы небәрі 500 граммнан 1 жарым келіге әрең жетеді. Сондықтан тірі қалу мүмкіндігі орташа, дейді дәрігерлер. Бастысы, алғашқы кезеңде нәрестелердің дұрыс тыныс алуын қалыпқа келтіру өте маңызды. 

Жібек Сайекешова, Байзақ ауданының тұрғыны:

- Бала туған кезде салмағы 690 грамм болды, жүктілік кезінде асқынулар болды,  бұл жерде дәрігерлерге көп-көп рахмет. 3 сағат сайын балаға сүт сауып, сүт береміз, жөргегін ауыстырамыз. Үйде ұлым, қызым бар, бұл 3-қызым, Құдайға шүкір.

Шақалақтың шала тууына себеп ананың денсаулығындағы кінәрат, дейді мамандар.  

Талғат Толықбаев,  облыстық көп салалы аурухананың неонатология бөлімінің  басшысы:

- Ана денсаулығына байланысты немесе жүкітілік асқынуына байланысты. Қан қысымынң көтерілуі, денесінің ісінуі, судың ерте кетуі, қан кетуі осы сияқты проблемалармен келіп түсіп жатады. Осыған байланысты ерте туу байқалады балаларда. 

Шала туған нәрестелердің тез жетілуі үшін  уақытылы тамақтандырудың маңызы зор. Бұдан бөлек киімі де маңызды. Қазіргі кезде  «28 ілгіш» клубының еріктілері сәбилердің жейдесін қолдан тоқып, дайындап жүр. Олар айына 2 рет тегін таратады. 

Гүлзағира Айнабекова, "28 Ілмек" клубының еріктісі:

- Қолдан тоқылған, 100 процент жүннен. Өйткені ол пайдасы көп балаға, жинақ болады, өйткені кеудешесі, бас киімі, аяғы, шұлығымен болады. Ол демалуына пайдасы бар, жаңағы жүннің ішіндегі қылшықтары денелерін тітіркендіріп, ұйықтап кетпеуіне көмегін береді. Біз 40-50 адамдай тоқимыз отырып, тегін әкеліп береміз, содан нәр аламыз. Таратқан кезде аналардың бақытты түрлерін көріп, өте қуанып, шала туған бала аз болсын. 

Бүгінгі таңда балалардың тірі қалу көрсеткіші өсіп келеді, дейді мамандар. Ана мен баланың амандығы үшін неонатолог дәрігерлер аянбай ебек етуде.

Әйгерім Ашықбаева, Анастасия Сулейманова, Тимур Сейилхан, Руслан Ахатилла