Ауылда жарты млрд теңгеге жаңартылған су тазарту құрылғысы пайдасыз болып шықты

Қостанай облысындағы Торғай ауылының тұрғындары құм мен құрт-құмырсқа араласқан су ішуге мәжбүр. Шамамен жарты миллиард теңгеге толық жаңартылған су тазарту құрылығысынан еш пайда болмай шықты. Ауыл халқы тіршілік нәрінің сапасы күннен күнге нашарлап барады деп дабыл қағуда.

Мынау осыдан бір ай бұрын қойылған фильтр. Мінеки осылай сыртына дейін шығып кетеді. Құм да бар, кішкентай құрт сияқтылар болады ұзын. 

Дархан Әділ үйге кіріп тұрған ауыз суды тек сүзгіден өткізіп ішеді. Оның өзі қоқыстың көптігінен жиі бітеліп қалады. Жаңасын алу үшін 600 шақырым қашықтағы облыс орталығына қатынайды. Оның өзі қалтаны қағады.

Дархан Әділ, Торғай ауылының тұрғыны:

- Фильтр бар жарты жылға. Бірақ мен бір айда ауыстырамын. Бір айдың өзінде толып қалды. Екі-үш рет ауыстырамын айына. Алты мың теңге кетеді.

Фильтрі жоқтар тіршілік нәрін сатып алуға мәжбүр. 40 литр бұлақ суы үшін 100 теңге төлейді. Ал түсі сарғыш, дәмі темір татитын кран суын шаруашылыққа ғана пайдаланады.

Абай Баймағамбетов, Торғай ауылының тұрғыны:

- Мынау біздің колонка суы Торғайдың ремонтталғаннан кейін. Ал мынау жер астынан шығып жатқан бұлақтың суы. Біздің қазіргі таңда пайдаланып отырған суымыз осы. Водовозбен келеді. Содан құйғызып сатып аламыз. Колонканың суын ешкім пайдаланбайды. Ешкім ішпейді. Құр жуынып, шайынады.

Коммуналдық мекемедегілердің пікірінше, су сапасында мін жоқ. Үш жыл бұрын толық жаңартылған тазарту құрылғысы ойдағыдай істеп тұр. Тіршілік нәрі бірнеше кезең бойынша заманауи танкерлерде сүзгіден өтіп, мұнара арқылы халыққа беріледі. Одан қалды әр үш ай сайын санитарлық тексеру жасалады. 

Нұрбек Тілеубаев, Жангелдин ауданы ТҮКШ басшысының м. а.:

- Сарғыштау болатын шығар. Құбырлар ескі орталықтағы бұрын ауыстырылмаған жерлер. Темірдің аты темір ғой. Темірдің мойнында, кей жерлерінде дат болатын шығар. Ремонт жасап жатқан кез болады. Сол кезде напор қозғалған кезде. Солай болмаса, әйтпесе мен судың сарылығын нашар су деп айта алмаймын.

Ал мынау сүзгідегі қалдықтар төгілетін ор. Тұрғындардың айтуынша, қыруар ақшаға қазылған жер бос жатыр. Лай су құбыр арқылы тікелей ауылға кетеді.

Еркебұлан Салықов, Торғай ауылының тұрғыны:

- Мына жерге түссе көрінеді ғой. Кез келген жерде көрінеді. Ал мына жер құп-құрғақ боп тұр. Қаншама алаң. Анау жақты қарасаңыздар су жоқ. Төрт фильтр бар. Біз талай фильтрді ауыстырғанбыз ол жерде. Фильтрдің қандай боқ болып жатқанын көрдік.

Торғай бойынша 16 шақырым су құбыры 2005 жылы бастан аяқ пластикке ауыстырылған. Дегенмен, тот басып, лайлану жиі болатын құбылыс. Амалы құрыған халық «барымен базар» деп, үйге кіріп тұрған суды тұтынуға мәжбүр. 

Шота Оспанов, Жанкелдин ауданының әкімі:

- Бұрын шойыннан жасалған құбыр болатын. Ол қайта-қайта жарылып, жұмыс істеуге мүмкіндік болмай қалды. 2005-2006 жылдары Торғайдың ішіне қайтадан жүргіздік. Одан кейін жетпей қалған жерлеріне коммуналдық кәсіпорынның мүмкіндігімен аудандық бюджеттен қосымша ақша бере отырып, жыл сайын оны біз жалғастырып келе жатырмыз.

Жалпы биыл облыстағы ауылдарды ауыз сумен қамту аясында 29 жоба бекітілген. Соның ішінде 15 елді мекен орталық су желісіне қосылады.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров