Атырау облысындағы атпен емдеу орталығы қолдаусыз жұмыс істеп келеді

Атырау облысында науқастарды атқа мінгізіп емдейтін орталық бар. Иппотерапия негізінен сал аурулары, аутизм және түрлі апаттардан жұлын жүйесіне зақым келгендердің қатарға қосылуына жәрдем береді.

Алайда, облыс тарапынан мемлекеттік тапсырыс ала алмай жүрген емдеу орталығы тек өз күшімен ғана жұмыс істеп келеді. Сол себепті, мұнайлы өңірдегі иппотерапия еміне мұқтаж жандарды толық қамту мүмкін болмай тұр.

Былтыр «омыртқасында жарық бар» деген диагнозбен орталыққа келген кішкентай Аружан қазір өздігінен еркін қозғала алады. Орталықтағы аттарға бауыр басқаны соншалық, ол мұнда күн сайын келуді әдетке айналдырған. 

Аружан Абдолова, емделуші:

- Менің атым Аружан мен 8 жастамын. Маған атқа мінген қатты ұнайды.

- Дос аттарың бар ма?

- Бар. Зефир, Форсаж, Дунка, мен олардың үстін тазалаймын. Сосын тамақ беремін. Капуста жейді, сәбіз, алма жейді.

Бұл аттар иппотерапияға әдейі дайындалған. Бас асаулығы жоқ, әр қадамын санап басып, үстіндегі науқастың көңіл-күйіне қарай қозғалады. Атпен емдеу буын ауруларына, қан айналымының қалыпқа түсуіне ықпал етеді. Қазақтың жаны жылқыда десек, атпен емдеудің тек медицинаға ғана емес, жалпы жас буынның дұрыс қалыптасуына да көмегі орасан, дейді мамандар. 

Ғалымжан Мырзағалиев, орталық нұсқаушысы:

- Жайдақ мінгеннің әсері күшті болады ер салғаннан гөрі. Себебі аттың дене температурасы адамдікінен жоғары. Сондықтан атқа мінгенде адам басқаша әсерде болады. Көңіл-күйі көтеріледі. Жүрістері дұрысталады, көбіне инсультпен келіп жатқандар бар, аварияға түскен, қолдары жасамай қалғандары бар соларға әсер беретіні соншалық, қолдары қозғалып, жүрістері дұрысталып кетеді.

Бір кезде екі атпен басталған емдеу орыны сұраныстың артуына байланысты кеңейіп келеді. Орталық жұмысын бастаған 2013 жылы бар болғаны 32 науқас болса, бүгінде олардың саны бес есеге артқан. Қазір мұнда 4 ат пен 8 нұсқаушы қызмет етеді. Облыстық бейімдеу орталығынан 12 ересек адам, ақыл-ойы жетілмей қалған тастанды балаларға арналған интернаттың 40-қа жуық тәрбиеленушісі ем алып жүр. 

Ерлан Күмісқалиев, жоба жетекшісі:

- Біздер үкімет тапсырысын алмаймыз. Дей тұрғанмен де өзіміздің жақсы демеушілеріміз бар. Солар біздің осы жаңағыдай жобамыздың маңызды екенін біліп, біздерге көмектесіп тұрады. Барлығы да қайырымдылықтың арқасында, әрбір адам қолынан келгенше көмегін беріп жатыр. Осыны біздер қабылдаймыз. Негізі тапсырыс керек.

Осыншама шаруашылықты ұстап тұру қоғамдық бірлестікке оңай емес. Адамдардың еңбекақысын айтпағанның өзінде аттарға жем-шөп табу, оларды бағып күту қыруар шығынды талап ететіні даусыз. Тағы айта кетерлігі, иппотерапияға кез келген ат пайдаға аса бермейді. Оларды арнайы ат зауыттарынан тапсырыс арқылы алдырады. 

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Әдетте иппотерапияға үйренген аттар ұзақ жылдар бапталады. Сондықтан да орталық биылдан бастап осы кішкентай құлындарды қолдарына алған. Қазір бұлармен балалар да жұмыс істейді, ересектер де осыларды баптайды. Сондықтан бұларды болашақ емші аттар деп түсіну керек.  

Бүгінде Атырау облысында 200-ден астам бала иппотерапия еміне зәру. Олардың шағын тобы ғана Атырау қаласындағы емге келіп жүр. Сол себепті атпен емдейтін орталықтарды көбейту кезек күттірмейтін іс. Айтқандай, жақында Жылыой ауданында иппоорталық ашылыпты. Келесі кезекте Мақат ауданы тұр.

Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов