Ақмола облысында егін егу науқаны аяқталды

Биыл аймақ диқандары 4 жарым млн гектардан астам жерге астық дақылдарын жерге сіңірді.

Оның басым бөлігі бидай. Ал көктемгі дала жұмыстарын шаруалар айналасы 20 күннің ішінде тәмамдады. Жауапты басқарма өкілдері егін себу науқаны ойдағыдай өтті деп отыр.

Айтуларынша, бұл мақсатқа Үкіметтен 72 мың тонна арзандатылған жанармай бөлінген. Ал егіншілікке атсалысқан 15 мыңға жуық техниканың 2 мыңнан астамы су жаңа дейді мамандар. Жалпы синоптиктер мен білікті агрономдар биылғы жылдың шаруалар үшін оңайға соқпайтынын айтқан болатын. Дегенмен, басы жаман емес. Себебі осы күндері өңірде жаңбыр жауып тұр. Ал бұл егістіктің шығымына оң әсер етеді.

Айта кетейін, Ақмола облысында дәнді дақылдардан бөлек картоп пен басқа да көкөністер егіледі.

Қасым Итқұсов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Картоп егу де аяқталды. Одан биыл 17 мың 400 гектар бар. Оған қоса 2 мың 700 гектар жерге көкөніс ектік. Ал 189 мың гектар алқапқа мал азығының тұқымдары себіледі. Ол жұмыс қазір жүріп жатыр.