Шымкентте 1500 бала түрлі сайыста топ жарды

Шымкенттік Бақдәулет Сейсенбай шешендік өнерді меңгерген дарынды өрен. Ол №1 мектеп-гимназиясында ораторлық қасиетін шыңдап, пікірсайыс турнирінде «Үздік спикер» аталымын иемденді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сөйтіп мектеп түлегі жоғары оқу орнының тегін грандтық сертификатына ие болды.

Бақдәулет Сейсенбай, №1 А.С Пушкин атындағы мектеп – гимназиясының түлегі:

- Бұл біз үшін тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік береді.  Ол мүмкіндікті біз пайдалана отырып, сол дарынды жастардан ой алмасып, өзіміздің ойымызды дамыта аламыз.

Ал қаладағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында «Монтессори әдістемесі» өз нәтижесін көрсетіп үлгерді. Әлемнің 146 елі мойындаған  әйгілі технологияның әдіс-тәсілдері балабақшадағы бүлдіршіндердің мүмкіндігін молайтты. Ой-өрісін кеңейтіп, тұлға болып қалыптасуына жағдай жасап жатыр, - дейді.

Сәуле Ергешбаева, балабақша педагогы:

- Бес аймақ бойынша жұмыс жасаймыз. Бірінші – өз-өзіне қызмет жасау. Екінші-тіл аймағы. Үшінші – математика. Төртінші – сенсорика аймағы және бесінші – космос аймағы. Осы бес аймақ бойынша бала жұмыс жасап, мектепке 100% дайын болып барады.

Шымкентте әр оқу жылында бала саны 20 мыңға артады. Сондықтан жергілікті билік балғындарға сапалы білім беруге басымдық берілгенін айтады. Ол үшін апатты мектепті жойып, үш ауысымды білім ордаларын азайтқан. Жаңа мектеп құрылысы жанданғанда метериалдық-техникалық базаны жақсартуға жол ашылды. 

Шыңғыс Мұқан, қала әкімінің бірінші орынбасары:

- Оқушылар сарайы салынып жатыр. Оқушыларға арналған шығармашылық орталығы салынып жатыр. Ең бастысы мектептердің техникалық базасы жылдан – жылға нығайып келе жатыр.

Ал бүлдіршіндер «Балаларды қорғау күніне» орай ашық аспан астында асфальтқа сурет салып, концерттік бағдарламаны тамашалады.  Ән тыңдап, би билеп мәз-мейрам күйге бөленді.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов