Көкшетауда бүгін референдумға байланысты қоғамдық көліктер тегін қатынайды

Қаладағы қоғамдық көліктер таңғы 7-ден кешкі 17.00-ге дейін халыққа қызмет көрсетеді. Ал шаһар тұрғындарының белсенділігі қандай? Оны қазір аймақтағы тілшіміз Дамир Берікұлы айтып берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дамир Берікұлы, тілші:

– Біз қазір қаланың орталығындағы «Көкшетау» мәдениет сарайындамыз. Мұнда бір емес, 2 бірдей учаске орналасқан. Әрі екеуі де ең ірі учаскелер. Комиссия мүшелерінің айтуынша, тұрғындар таңғы 7-ден бастап-ақ белсенділік танытқан.

Гүлжан Ержанова, №19 учаскелік референдум комиссиясы төрағасының орынбасары:

Сағат 7-ден бастап өте жақсы белсенді болды. Көп адамдар өз дауыстарын беріп кетті. Біздің учаскенің атынан үлкен кісілерге сыйлықтар тараттық және де бірінші келген адамға сыйлық бердік. Тізім бойынша 2180 сайлаушылар бар біздің учаскеде. Белсенді қатысып жатыр. Әрі қарай да енді белсенді қатысады деп ойлаймыз.

Дауыс беруші:

– Мен Қазақстан азаматы болғаннан кейін міндеттімін дауыс беруге. Сол үшін ерте келдім. Жұртымыз аман, елімізде тыныштық болсын.

Жалпы бүгін аймақта 718 учаске жұмыс істеп жатыр.