Биліктегі ресми тұлғалар тұрғылықты мекен-жайы бойынша өз таңдауын жасады

Ел тарихындағы елеулі күнде билік басындағы ресми тұлғалар да тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркелген дауыс беру бөлімшесіне барып, өз таңдауын жасады. 

Биліктің қайнар көзі халық. Бұл конституциядағы негізі қағиданың бірі. Яғни заң алдында хан да, қара да бірдей. Сондықтан бүгін ел ертеңіне бей жай қарамайтын әр азамат Ата заңға өзгеріс енгізу туралы референдумға қатысып, үн қосты. Әрине бұл қатарда заң шығарушы және атқарушы орган өкілдері де бар. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша мемлекеттің басты құжатына өзгеріс енгізу мәселесінің жалпыұлттық референдумға шығарылуы конституциядағы негізгі қағиданы орындаудың көрінісі.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Осындай үлкен мәселе халықтың өз таңдауына беріліп жатқандықтан бүкіл ел азаматтары дауыс беру учаскелеріне келіп, өздерінің дауыстарын беру өте маңызды. Бұл біздің ұлт ретінде жетілгендігіміздің көрсеткіші деп қарастыруға болады. 

Таңертең Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов та дауыс берді. Парламенттің төменгі палатасының спикері елордадағы нөмірі N110 -шы бөлімшесіне келіп өз таңдауын жасады. Ал Президент Әкімшілігінің Басшысы Мұрат Нұртілеу  Әл-Фараби атындағы оқушылар сарайында референдумға қатысты ұстанымын білдірді. Мемлекеттік хатшы Ерлан Карин отбасы мүшелерімен келген. Оның айтуынша, елдегі саяси өзгерістерге жастардың қызығушылығы жоғары.

Ерлан Қарин ҚР Мемлекеттік хатшысы:

- Жастармен көп кездестім және қызу талқылау болды. Жәй формальді түрде кіріп кездесіп, шығып кететін шаралар емес кәдімгідей талқылау күйінде өтті. Сонда менің байқағаным, бір жағынан жастардың да белсенділігі, кездесіп жатқан кісілердің де белсенділігі жоғары. Сонымен қатар жалпы мына өңірлерді аралап жүрген кезде бұл реформалар жұрттың қызығушылығын оятқанын көрсетіп отыр. Көптеген азаматтардың бүгін сайлау учаскелеріне келіп дауыс беретінін айтып жатыр. 

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Елордадағы Ұлттық кітапхана ғимаратына орналасқан №111 дауыс беру учаскесінде дауыс берді. Өзге де саясаткер, зиялы қауым таңдауын жасады. Таңертеңнен қара кешке дейін адам аяғы үзілмеген сайлау бөлімшелеріне жас та, кәрі де елдің ертеңі үшін деген сеніммен келді. Сөйтіп, бүгінгі референдум елдің даму кезеңінің тағы белесі болып, тарихқа жазылды.