Референдум барлық бекітілген стандартқа сәйкес өтіп жатыр

Республикалық референдум бекітілген барлық стандартқа сәйкес өтіп жатыр. Дауыс беру учаскелерін жіті бақылауға алған халықаралық байқаушылар осылай деді. Таңғы сағат 07:00-ден бастап қызмет еткен мамандар науқан барысында заң бұзушылықтар тіркелмегенін айтты. 

Еліміздегі саяси науқан барысын таңғы 07:00-ден бастап 25 ел мен 11 халықаралық ұйым атынан өкілдік ететін 300-ге жуық шетелдік байқаушы мұқият қадағалады. Елордада Халықаралық түркі академиясының өкілдері 9 дауыс беру учаскесін аралап шықты. Байқаушылардың хабарлауынша, мұнда барлығы бірқалыпты өтті. Әлем мемлекеттері өткізетін референдум ережелері толық орындалды.

Тимур Козырев, Халықаралық түркі академиясының аға сарапшысы:

- Таңертең сағат 07:00-де 55-учаскеден бастап 9 учаске аралап шықтық. Жалпы референдум жақсы, ойдағыдай өтіп жатыр. Адам көп. Көңіл күй көтеріңікі. Бірнеше жерде бақылаушы болдым. Бүгінгі референдум стандартқа сай ұйымдастырылды. Ешқандай ереже бұзушылық жоқ. 

Байқаушылар қатарында түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының мүшелері де болды. Мамандар елордадағы № 314 дауыс беру учаскесінде болды. Түркия Ұлы ұлттық жиналысының депутаты Режеп Шекер халықтың белсенділігін ерекше атап өтті.

Реджеп Шекер, Түркия Ұлы ұлттық жиналысының депутаты:

- Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы құрамында Түркия, Әзірбайжан және Қырғыз елінің депутаттары бар. Таңертеңнен бірқатар дауыс беру учаскесінде болдық. Референдум тиісті деңгейде өтіп жатыр. Қазақстандықтар жауапкершілікті сезініп, референдумға өте белсенді қатысты. Конституциялық реформалар Қазақстанның одан әрі дамуына тың серпін беретініне сенімдімін. 

Ал ТМД атқарушы комитетінің мүшелері Қазақстанға шамамен 2 апта бұрын келген. Осы уақыт аралығында олар көптеген учаскедегі дайындық барысын қадағалап үлгірді. Бүгін дауыс берушілермен сөйлесіп, халықтың пікірін біліп қайтты. 

Леонид Анфимов, ТМД Атқарушы комитеті төрағасының бірінші орынбасары:

- Бүгін Қазақстанда жүргізілген ауқымды жұмыстың нәтижесіне куә болдық. Біз мамырдың 21-інде келіп, қызметімізді бастап кеттік. Референдумға дайындық барысын көрдік. Учаскелерді аралап шықтық. Дауыс берушілер тізімін әзірлеу процесін бақыладық. Күндіз учаскелерге келген азаматтармен сөйлестік. Олардың тарапынан референдумның ұйымдастырылуына қатысты шағымдар түскен жоқ.

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Парламенттік Ассамблеясының мүшелері де байқаушылар қатарында болды. Олардың айтуынша, Қазақстан басқа елдерге жақсы үлгі көрсетті.

Файзолло Баротзода, ҰҚШҰ ПА Байқаушылар тобының үйлестірушісі:

- Ең алдымен, біздің байқаушылар тобы Астана опера театрында орналасқан дауыс беру учаскесіне барды. Мұнда науқанның қаншалықты жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына көзіміз жетті. Учаскедегі мамандар өз қызметтерін сапалы атқарып, заң бұзушылықтарға жол берген жоқ. Менің ойымша, Қазақстан осындай ауқымды шара өткізіп, көптеген елге үлгі көрсетті.

Халықаралық байқаушылардың пайымдауынша, учаскелерге келген адам көп болды. Ал қызмет көрсеткен мамандар әркімге өз конституциялық құқығын жүзеге асыруға барлық жағдай жасады.

Дариға Ташенова, Таир Мерекенов