БҚО-да ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылды

Киіктің көбейгенін жақсылыққа жорыған едік. Бірақ шаруалар қалың табын егінді де, даладағы отты да қаусатып барады деп ренжулі, деп хабарлайды «Хабар 24». Бұған дейін түз тағысын қорғап келген үкімет енді олардың кей аумақтардағы санын белгілі бір мөлшерде азайтпақ. Бұған пышағын қайраған аңшылар көбеймей ме деген күдік те басым.

Бірақ мамандар артық шығын болмайды деп сендіреді. Ол үшін Батыс Қазақстан облысында «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты мен «Ащыөзек» мемлекеттік табиғи қаумалы құрылады.

Киіктің басым бөлігі Жәнібек ауданының Жақсыбай, Борсы, Күйгенкөл, Ағоба мен Талов секілді 5 ауылының аумағында жайылады.

Бөкен атаулыдан ең көп жапа шектік дейтін бұл округтерде 140 шаруа қожалығы бар. Олардың ортақ проблемасы біреу ғана:       

Абай Жұмақұлов, шаруа қожалығының басшысы:

- Біздің мал жайылымымызға кеселдік келтіріп тұр. Ең бірінші мәселе. Киік жүріп кеткен жерде шабындық жоқ, номайын отап кетеді. Шөп жөнінде оны әлі есептететіміз  дейді. Жер жайылымға берді ме сендерге, жайылымға берсе, біз төлемейміз дейді ештеңе, үкімет тарапынан ештеңе болмайды дейді. Ал бірақ та қожалықтардың бәріне жер шабындыққа деген жоқ, тек қана жайылымға деп беріледі актте.

Шаруалардың жанайқайын естіген болуы керек, жуырда өңірге ат ізін салған экология вице-министрі біраз жаңалықты жария етті. Үкімет қаулысымен аймақта «Бөкейорда» табиғи резерваты  мен «Ащыөзек» мемлекеттік табиғи қаумалы құрылды.

Әлия Шалабекова, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары:

- Бұл табиғат қорғау мекемесінің басты мақсаты – киіктерді қорғау. Біз олардың бір жерден екінші аумаққа көшуін мүмкіндігіміз жеткенше бақылауға аламыз. Жануарларға қолайлы жағдай туғызу үшін суат табу да маңызды міндет. Ал оларды табиғаттан алудың бірнеше нұсқасын қарастырып жатырмыз. Заңға сәйкес аңшылықпен тек жануарларды аулауға арнайы рұқсаты бар пайдаланушылар ғана тартылады.

Асхат Молдағалиев, Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары:

- Орал популяциясында жалпы сыйымдылығы 250 мыңнан аспауы керек негізі. Шаруалардың бәрі резерватта тұрса, жеріне, шабындыққа қиындық туғызбаса, бәрі келісті. Сол санын реттеңіз деп өтініш білдірген болатын. Субсидия мәселесі қаралуда қазір, нақты жауап артынан болады. Ең бірінші, қазір оларға жер тауып беруіміз керек мал азығын жеткілікті деңгейде жинап алуы үшін.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жер көлемі – 600 мың гектар. Бұл мекемелерде 78 адам жұмыспен қамтылады. 

Ғали Есқалиев, облыс әкімі:

– Мораторий өз міндетін атқарды. Орал популяциясына жататын киік саны айтарлықтай өсті. Бірақ ауыл шаруашылығына қауіп төніп тұрғаны рас. Соны тезірек шешу үшін жануарларының санын реттейтін мезгіл жетті деп есептеймін және оны биылдан бастау керек. Олай істемесек, ауыл шаруашылығына орасан зор зиян шектіреміз.   

Мамырдың соңына қарай киіктің көбі құмға қарай жөңкіледі. Жол үстін кес-кестейтін жануарлар жүйткіген көлікке де жиі соғылып жатады. Ал резерват Жәнібек, Бөкей ордасы, Казталов және Жаңақала аудандарының аумағында орналасады. Осы жерде 250 мың бас бөкен сақтау көзделіп отыр.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

-  Сонымен қаулы қабылданды, пышағын қайрап, қаруын сайлап отырған тарап кешікпей киік санын азайтуға кіріспек. Мамандар өзекті мәселені шешудің ең тиімді жолы деп осыған тоқтады. Бірақ сайын далада қанқасап ұйымдастырудың соңы не болмақ? Келешекте киелі жануарларды тек музейден ғана көріп жүрмейміз бе дейді табиғат жанашырлары.

Айгүл Жұмағазиева, биология ғылымдарының кандидаты:

- Киікті қыруға болмайды. Өйткені бұл бізге кайнозой дәуірінен жеткен баға жетпес бірегей жануар саналады. Сондықтан оны келер ұрпаққа жеткізу біздің міндет. Ал олар даланы тып-типыл етіп, бәрін отап кетеді дегенмен де келіспеймін. Табиғатта тепе-теңдік бәрібір сақталады және оны аялай білсек бәрімізге жетеді.  

Киік санының миллионнан асуы жылдар бойы жүргізілген жұмыстың оң нәтижесі. Ақбөкендер жыл он екі ай мемлекеттің қорғауында. Әр көктемде әуеден санақ жүргізіледі. «Қазақстан биоәралуандылықты сақтау қауымдастығы» мамандарының айтуынша, биылғы төлдеу науқаны да ойдағыдай өткен.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов