Масадан мезі болған жұрттың жәндіктерді улау жұмысына көңілі толмайды

Атыраулықтарды жыл сайын маса мезі қылады. Биыл да қансорғыштар күшіне мінген. Зиянкестерден қажыған жұрт маса улау жұмысына көңілдері толмайтынын айтады. Ал билік қансорғыштармен күресуге 130 млн теңгеге жуық қаржы бөлген.

Мұнайлы шаһар тұрғындары биыл да жаз басталмай жатып-ақ масадан мезі болды. Тіпті сыртқа шығудан қалдық дейді. Қала іргесіндегі ауылдық округтерде қансорғыштардың азаймай тұрғаны жасырын емес. Тұрғындар маса улау жұмыстарына наразы екендерін айтады. Тіпті улап жатқанын да көрмедік, дейді. 

БЛИЦ:

1-тұрғын: - Мен Лесхоз ықшам ауданында тұрам. Кешке қарай далаға шығу деген мүмкіндік жоқ ешқандай. Таза ауа жұта алмаймыз, терезе аша алмаймыз. Желдеткішті қосып қойып отырмыз.

2-тұрғын: - Дезинфекция жұмыс істеуді қойды-ау деймін. Подвалға келіп улағанда да дұрыс уламайды, құттай шашып-шашып кетеді.

3-тұрғын: - Маса көп. Өте көп. Улап жатқанын көрген жоқпын. Подъезде толып тұр. Есік ашсаң кіріп кетеді. Бала-шағаны шағып жатыр. Оны енді қасығасын жара болады. Қорлық көріп отырмыз.

4-тұрғын: - Қалада маса өте көп. Ешқандай улап жатқан жұмыстиарын көріп жатқан жоқсыз, өкінішке орай. Кешке балалармен далаға шыға алмаймыз. Сол себепті күндіз шығып жүрміз осылай. 

Биыл маса улауға жарияланған тендер кеш аяқталған. Соның кесірінен дезинфекция жұмыстары да жәй басталып отыр. Ал мердігер мекеме өкілдері улау жұмыстарының жүйелі жүргізіліп жатқанын айтады. Қазір 6 бригада дезинфекциямен айналысып жатыр екен. 

Гүлсара Махметқызы, мердігер мекеменің өкілі:

- Қазір қаланың ішін тұрақты түрде ұстап тұрмыз. Ондай қатты жалоба жоқ. Қазір енді көбіне Дамды селолық округі, Атырау селолық округтерінен үлкен арыздар түсіп жатыр. Бригадалар екі рейспен жұмыс істеп жатыр. Маса уланып, бізге кеше «Дамбы» әкімінің өзі ерекше алғысын білдірді. Жұмысымыздың нәтижесін көріп.

Тұрғындар қазір әлеуметтік желіде де жарыса жазып, масаның маза бермейтінін айтып дабыл қағып отыр. Ал мамандар қансорғыштардың көбеюі табиғи құбылыс екенін айтады. Олардың уға бейімделуі де тез екен. Бірақ 130 миллион теңге жуық қаражат бөлінгеннен кейін жұмыстың жүйелі жүргізілгені жөн, дейді тұрғындар.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин