БҚО: қала маңындағы ауылда су мен газ жоқ

«Қаладан таяқ тастам жердегі ауылда су да, газ да жоқ». Батыс Қазақстан облысындағы Зеленое ауылының тұрғындары редакциямызға осылай деп шағымданды. Көгілдір отын ауылдың алшақта жатқан бөлігіне тартылмай қалған. «Жауаптылар олқылықтың орнын толтыруға уәде бергелі он жылдан асты» деп ашынады жұрт.

- Қанша метрден шығып тұр су? 

– Біршама бар.

– 20 метрден терең ба?

– Терең, терең.

– Судың дәмі қалай?

– Су шамалы. Біртүрлі дәм шығады судан.

– Шілде, тамыз айларында судың деңгейі түсіп кетеді дейді ғой?

– Иә, түседі, түседі.

Зеленое ауылы Оралдан небәрі 5 шақырым қашықтықта орналасқан. Бір бетінде Шаған өзені, екінші бетінде күре жол. Шаруашылыққа қолайлы. Алайда коммуналдық желілердің жоқтығы жұртты қынжылтады. Он бала тәрбиелеп өсірген Балуза әже үш жыл бұрын Базартөбе ауылынан ұлымен бірге көшіп келген екен. Облыс орталығындағы тұрмыс сапасы қызықтырса керек.

«Алайда шаһар маңы деген аты ғана болмаса, қазір жапанда жалғыз қалғандаймыз», - дейді ол.

Балуза Сейілханова, зейнеткер:

- Су бірде болып, бірде жүрмей қалады, моторлары мына құдықтың да. Қиыншылық болады ғой, құрсын. Қалаға келіп, рахат көреміз деп отырғанда. Сонымен отырмыз.

Ауылда 113 үй бар. 400-ден астам адам тұрады. Елді мекеннің бір бөлігі екі шақырым жерде жатыр. Дәл сол аумақтағы 20 шақты отбасы көгілдір отынға да зар болып отыр. Сегіз жыл бұрын ауылға газ тартылғанда бұл беткейдегі ағайын жобаға енгізілмей қалыпты. 

- Газ міне мына зданиеде бар, мына зданиеде бар, міне арғы жағында заправкада бар. Міне ана арада да газ тұр полностью. Ал бізде газ жоқ. Акимат арқаңнан қағып, шығарып салады.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Қаладан қарға адым жердегі қарашаның күнделікті тұрмысы бұл. Тұрғындар қыста үйді жылыту үшін осылай отын жинайды. Бір жүк көлігі толы ағаш 50 мың теңге. Ал көмірдің тоннасы 25 мың теңге шамасында. Әр отбасы қыста кемінде 2-3 рет тапсырыс береді екен.

Тұрғындар әкімдікке талай мәрте шағымданып барған. Шенеуніктер жобаны үнемі келешек еншісіне ысырып келіпті. Енді бірде инженерлік желілерді ауыл жұртының өз қаражаты есебінен тарту әдісін ұсынған екен.

Жандәулет Талиев, Зеленое ауылының тұрғыны:

- Газ өткізу үшін бір үйден 600 мыңдай ақша шығару керек» деп айтты трассадан тартуға. Үйдің іші ол тағы да бөлек әңгіме. Оған бір 200 мыңдай керек болады. 600 мыңды кілең пенсионерлер бірден таба алмайды. Оны тіпті бөліп төлеуге маған ең кемінде 5 жыл керек. Суды, бәріміз құдық қаздырдық. Мен кредит алып, құдық қаздырдым да төбесін жауып алдым.

Бақдәулет Ғұмаров, Зеленое ауылының тұрғыны:

- Тек келесі жылы қатырамыз дейді. Қатырамыз деп 2006 жылдан бастап, биыл 2022 жыл, 16 жыл болып қалды. 16 жыл бойы газ жоқ. Газ өткізгеніміз жақсы. Мына үлкен кісілер бар, өзіміз бар. Жұмыстан келгенде от жағып отыру деген масқара нәрсе ғой XXI ғасырда. Мичуринода болар енді су. Келіп тұрған болар үйлеріне су. Мына жақта линия жоқ. Біздер дейтін бөлек остров болып қалдық қой.

Ауылдық округ әкімінің айтуынша, биыл елді мекенге ауыз су желісі тартылады. Әйткенмен жырақта жатқан 20 шақты баспана тағы да жоспарға енбеген. Ал ауылда көгілдір отынмен тұтас қамту үшін қосымша жобалық-сметалық құжаттар жасалмақ.

Максим Мұсәлімов, Мичурино ауылдық округінің әкімі:

- Биыл шілде айында, может уже тамыз айында басталады ол. Иә, биыл бітеді. Бірақ сол 22 үй су проектісінде отдаленность үшін жасамаймыз. Ортасында Шаған өзені бар, Крутенкая өзені бар, соны тоже географиялық жағдайға байланысты оны тартуға увеличение бюджета болады ол. Мичурино округі бойынша 5 елді мекен газбен қамтылған. Сол точка-точкалар қалып кетті. Біздер осы жылда ПСД жасап береміз. ПСД және госэкспертизаға беріп жібереміз. Если бәрі нормально болса, уже келесі жылға біздер ақша сұраймыз. ПСД-ға қазір ақша бөліп жатыр.

Көп ұзамай ауылға ауыз су келетіні жұртты қуантты. Алайда бәрін емес. Араны екі-ақ шақырым бөліп жатқан екінші беттегі ағайын таза суды тағы да сарыла күтуге мәжбүр. Тек көгілдір отын тарту жобасы қолға алына бастағаны медеу болды.

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов