Түркістанда балаларды оңалту орталығы ашылды

Жаңа технологиямен жабдықталған нысанда жүйке-жүйесі мен тірек-қимылы бұзылған науқастарға ем-дом тегін көрсетіледі. Бұрын мұндай балалар Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында емделетін. Енді алысқа барып, әуре болудың қажеті жоқ дейді мамандар.

Оңалту орталығы облыстық балалар ауруханасының жанынан ашылды. Мұнда бөлмелер науқас балаларға ыңғайлы етіп, заманауи үлгіде қайта жасақталған. 8 жасар Айзере бүгін мұнда 3-күн келіп отыр. Отбасындағы 5 баланың екіншісі болғандықтан ата-анасының оны басқа қалаларға апарып, емдетуге мүмкіндігі болмапты. Оның үстіне Айзеренің дамуында кінәрат бер екенін 2 жасқа толғаннан кейін бірақ байқағандарын айтады.

Динара Елемесова, қала тұрғыны:

- Сыртқа көп шығуға менің мүмкіндігім жоқ. Себебі бұдан кейін тағы балаларым бар. Оның үстіне жұмыстан босай алмадық. Осы Түркістанда ашылғаны жақсы болды. Соңғы технологиялар бар екен бұл жерде. Бізге оң нәтижесін беріп жатыр. Жақсы көмегі тиіп жатыр. Сөздік қоры да көбейіп келеді. Қорқынышы да баслып жатыр. Баспалдақтан түскенде қорқатын еді, қазір өзіне сенімді бола бастады.

Ал 5 жастағы Асылжанның ата-анасы балаларының науқас екенін 7 айлық кезінде біліпті. Содан бері ем-дом іздеп, талай жерге барған. Алайда алысқа сенделмей жақын жерден оңалту орталығының ашылғаны науқас балаға қарап отырған ата-аналардың барлығына үміт сыйлағанын айтады. 

Жанна Шахмединова, қала тұрғыны:

- Қазір өзі отырады, бірақ айқаймен түсіндіреді. Енді-енді жүріп жатыр. Өзгеріс бар, ойыншықтарды ұстап, қолына кішкене нан апарады. Бөтелкесін ұстап, шынымен шәй ішетін болды. Шымкенте, Кентауға, Нұр-Сұлтанға емдетуге апардым. Ол жақта да жақсы қарайды. Бірақ жиі-жиі апаруға біздің мүмкіндігіміз жоқ. Осы жерден ашылғаны бізге өте ыңғайлы болды.

Жаңа технологиямен жабдықталған балалар оңалту орталығы 60 орынға лайықталған. Оның 50-і күндізгі келушілер үшін, ал қалған оны жатып ем қабылдайтындарға арналған. Орталықта тұз шахтасы, шунгит бөлмесі, эрготерапия, сенсорлық бөлме, механотерапия, бальнеотерпаия, интерактивті бөлме, емдік дене шынықтыру, ойын бөлмелері бар.

Әбдішүкір Егізбаев, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері:

- Орталық жүйке-жүйесінің ақауы бар балаларды, тірек-қимыл аппаратындағы туа біткен ақаулары бар және жарақат алғаннан кейінгі жағдайларды оңалтамыз. Бізде логопет, дефектолог, психолог мамандарымыз бар. Олар туабіткен ақауы бар, жақсы сөйлей алмайтын, сөйлемейтін балаларды қабылдап, оңалту шараларын жүргізеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Осыған байланысты оңалту орталығына қажетті құрал-жабдықтардың барлығы демеушілер есебінен 180 млн теңгеге сатып алынған. Мамандар орталықта жүйке-жүйесі мен тірек-қимылы бұзылған балаларға барлық мүмкіндік қарастырылғанын айтады.

Марат Пашимов, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Мұндай оңалту орталығы біздің облыста бұрын болмаған. 1 жастан бастап 18 жасқа дейінгі барлық жүйке жүйесі ауыратын науқас балалар  осы жерге келіп, тегін ем алад Алыс ауданнан келетін балалар ата-анасымен осында жатып ем қабылдауына болады. Бұрны біз балаларды Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына жіберетін едік. Енді осында өзімізде емделеді. 

Айта кетейік, өңірдегі жүйке жүйесі мен тірек-қимылы бұзылған науқас балалар мұнда портал арқылы келіп, 21 күн ем алады. Одан кейін 2 ай демалып, қайта келеді. Мамандар орталықтың науқас балалардың денсаулығын жақсартуға оң ықпалын тигізетінін айтады.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов