Үкімет отырысы. LIVE

Биыл елде егіс алқаптарының көлемі 23 млн гектардан асты. Былтырмен салыстырғанда 105 мың гектарға көп. Бүгін Үкімет отырысында көктемгі егіс науқаны жөнінде есеп берген Ауыл шаруашылығы министрі осылай деді. Отырыста тағы қандай мәселелер қаралып жатыр?

Үкіметте халықты жұмыспен қамту мәселесі де қаралыпты. Бұл бағытта қандай шаралар атқарылып жатыр?

Назерке Әбдірахманқызы, тілші:

- Былтыр ауа райының қолайсыздығынан егін түсімі төмен болды. Бірақ биыл ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, бидай түсімі 13 млн тоннадан асуы керек. Қазір дәнді дақылдарды егу жұмыстары аяқталды. Министрдің айтуынша, дән тапшылығы туындаған жоқ. Егіс науқанын атқару үшін шаруаларға дизельдік отынның литрі 200 теңгеден берілді. Бұл нарықтағы бағадан 15% арзан. Бұл мақсатта 400 мың тонна дизельдік отын қарастырылған. 

Үкіметте жастарды жұмыспен қамту мәселесі де қаралды. Жыл сайын 300 мыңнан астам жас еңбек нарығына қосылады. Сондықтан екі қолға бір күрек таппай жүргендерді жұмыспен қамту басты міндет. Мәселені шешу үшін мамыр айында 35-ке дейінгі жастарды жұмысқа орналастырудың онлайн-жәрмеңкесі іске қосылды. Пилоттық жобаға ірі компаниялар тобы атсалысып, 350 жұмыс орнын ұсынды. Бір аптаның ішінде 159 маман жұмысқа тұрды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұнымен шектелмей, қазір электронды еңбек биржасына 20 мың бос жұмыс орнын орналастыру туралы келісімге келді. Тамара Дүйсенова бос жұмыс орындардың алғашқы онлайн-жәрмеңкесі 24-30 маусым аралығында өтетінін ескертті. Бүгінде еңбек биржасында 700-ге жуық кәсіпорын 14 мыңға жуық жұмыс орнын ұсынып отыр. Бұл ретте Үкімет басшысы жыл аяғына қарай 500 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланғанын жеткізді.