Ақтөбеде су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төленеді

Ақтөбеде көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге 127 миллион теңге төленетін болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірде қызыл судан келген шығынды есептеу жұмысы аяқталды. Арнайы комиссия облыс орталығында 142 үйді су басып, бір баспананың қирағандығын анықтаған. Естеріңізге сала кетсек, сәуір айында еріген қар суынан бас сауғалаған жүзден астам ақтөбелік отбасы эвакуациялық пунктерге көшірілген болатын. Жер кепкен соң бірсыпырасы үйіне қайтқанымен 6 жанұя әлі күнге дейін жергілікті колледждердің бірінің жатақханасында тұруға мәжбүр. Қала бюджеті есебінен төленетін өтемақы келесі аптада беріледі. Бұл қаражат тек жөндеу жұмыстарына ғана есептелген. Істен шыққан тұрмыстық техника өтелмейтін болды. Әрбір отбасына шығын көлеміне орай жүз мыңнан төрт миллион теңгеге дейін беріледі.

Асхат Шахаров, қала әкімі:

– Шығын келген 142 үй болса, соның ішінде өкінішке орай 22 үйдің құжаты жоқ. Демек төлеуге негіз жоқ қазір. Бірақ оларға біздің берген кеңесіміз қазіргі таңда шұғыл түрде құжаттарды дайындау. Құжаттары бойынша бағалаушы компания өз жұмысын жалғастарды. Бірақ төлеу бюджеттен емес, бюджеттен тыс қарастыратын боламыз.